29.06.2023
  277


Автор: Тұрсынбек Кәкішев

Алақандай бет қағаз, табынарсың мандатқа...

Ұлттық сана-сезімнен айырылудың біз талай кезеңдерінен өттік. Патша заманында ешқандай адамшылыққа жатпайтын жарлық пен омыраулыққа кездескен соң басына ноқта түскен ой-пікіріміз тулады, бұлқынды, ашынды. Өйткені, «Россия» көптомдығының қазақ даласына арналған 1903 жылғы 18-кітабында «покорив край, русские не могли перейти к культурной работе потому, что первоначальное завоевание совершилось исключительно с целью обогащения и первые завоеватели были совершенно неподготовлены к культурной роли. Это были грубые, невежественные люди с первобытной нравственностью» делінген анайылықты Бұқар, Дулат, Шортанбай, Мұраттар көзбен көрді. Көргенін айтпай тұра алмады. Осы әуен біздің әдебиетімізде XIX ғасырдың ортасына дейін мейлінше анық көрінді, айтылды, аяғын жиған ешкім болған жоқ. Оны «Зар заман» дәуірі деп те атадық.


Бодан елді бұлай ашындыра беру көздеген мақсатқа жеткізбейтінін сезген соң, Россияның шығысқа шығатын алып қақпасы болған Қазақстанға басқаша айла-амал қолдану қажет екенін түсініп, 1822 жылы хандықты жойып, жіктелуге ыңғайлы тұрған елді өлке, облыс, округтерге бөліп, бұрынғы династиялық жүйенің орнына сайлама дәрежелерді шығарды. Төреден айырылған ел «қарадан шығып хан болған» аға сұлтандарды мақтан тұтып, қолына теңдік тигендей сезіне бастағанда, болыстық сайлауларды енгізіп, ағайын арасының араздығын қоздатты. Міне, осы тұста елдік мақсат аяқ асты болып, рулық аталық түсінік күшейді.


Шортанбай — осы екі үлкен айыптың екеуіме дәл келетін ұлы дарын, зар заманның зорда адуынды ақыны, ғой – ғой мейлінше шегіне жеткізе, шындық деңгейінде айтып, зарлап кеткен коғам қайраткері, ірі идеолог. Онда діндарлықта бар, отаршылдыққа, біздің кейінгі түсінігіміз бойынша орысшылдыққа қарсылық та бар. Бұл екеуін сиді ашық айтып, инабатпен баяндау шарт.


Шортанбайдың аруағынан кешірім сұрау үшін кешегіге айналып соқпас тағы да шараң жоқ. Біздің не айтып, не жазуымыз үшін жарықтық партиямыз алдын-ала бәрін де өлшеп-пішіп қойды ғой. 1957 жылы сол тұстағы идеологымыз марқұм Н. Жангелдин хатшылыққа қолы жеткеннен кейін «Қазақ халқының әдеби - поэзиялық және музыка мұрасын зерттеуді сын тұрғысынан қарап пайдалану жайы және оны жақсарту шаралары туралы» қаулы алдырды. Аты қалай қолапайсыз да тұрманды болса, заты да одан асып түсті. Сталин күшті әшкереленіп, Хрущев жылымық жылылық танытпай жатқан шақта, 1959 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы қазақ әдебиетінің негізгі проблемаларына арналған республикалық ғылыми - теориялық конференция өткізді. Тарих мәселелерін шешуді ғалымдарға тапсырғандары, даулы тақырыптарды ашық та анық айтуға шақырғаны сырттай қарағанға ұнамды болып көрінгені болмаса, түпкі идея Орталық Комитеттің қолыңда болды. Ғалымдардың не айтып, қандай қорытындыға келері белгісіз болса да, күні бұрын алынар шешімнің жобасы дайындалды. Ол «Қазақ әдебиетінің негізгі проблемаларына арналған ғылыми - теориялық конференцияның ұсыныстары» деген моп - момақан түрде дүниеге келді. Екінші бөлім «Қазақтың XVIII, XIX, XX ғасырлардағы әдебиетінің тарихын зерттеу жайында» деп аталып, он бір тұжырымнан тұрды. Соның үшінші бабы түгелдей Шортанбайға арналды. Соны түгел келтіріп, Дулат пен Мұратты да қамти кетейік.


«Шортанбай Қанаевтың творчествосы жайында конференция сол дәуірдің негізгі идеялары мен әлеуметтік өмірдегі ерекшеліктерін еске ала отырып, ақын бір жағынан патша үкіметінің Қазақстанды отарлау саясатының нәтижесінде туған әлеуметтік жағдайларды сынап отырады да, екінші жағынан хандық дәуірді мадақтайды, шығармаларында ислам дінінің идеяларын уағыздайды» деп қорытады. «Бұл сияқты ақындардың творчествосына жоғарғы мектептің программаларында орын беріліп, негізінде ағартушылық, халықтық бағыттағы әдебиеттің осындай кертартпа ақындармен күрес үстінде дамығанын көрсету үшін аталуы керек» деп түйді.


Ал, Дулат пен Мұраттың ақындық шеберлігінің «өзіндік ерекшелік сипаттары» бар екендігіне ептеп жеңілдік жасап, «Дулат пен Мұрат творчествосы жоғарғы мектепте сол кездегі тарихи әдеби процестің сипатын, әдебиеттің қандай қайшылық жағдайда дамығанын көрсету мақсатымен аталуы тиіс. Жалпы білім беретін мектептердің ерекшелігін еске ала отырып, бұл ақындардың творчествосын орта мектепте оқыту қажетсіз деп саналсын» («Әдеби мұра және оны зерттеу». Стенограмма. 1961, 372-бет) дегенді жалпақ қазақ тіліне түсірсек, Дулат, Шортанбай, Мұрат өнерпаздықтары ағартушы - демократтық бағытқа қарсы болғандығын көрсету үшін ғана аталуға тиіс болды да, мектептерде оқытылмасын, яғни қазақтың жас ұрпағы өзінің тарихын білмесін, ауызданбай-ақ қойсын деп тапты, яғни қайнар бұлақты суалтып, түсінігін лайлады. Осы тұжырым 1988 жылға дейін бұлжымай келді. Мектеп оқулықтарына кіре қоймады.


Әрине, ешкімді кінәлауға болмайтын - ақ шығар, бірақ осы конференцияда айтылған оң ойлардың ескерілмеуі, оны қақпайлап күні бұрынғы шешімге қарай икемдей бергендері, әсіресе өзінің даңқы дүние жүзіне мәлім болып, аузына ел-жұрт қарап отырған шақта Мұхтар Әуезовтің Шортанбай мен Дулат жайындағы баяндамаларында сыннан арашалап, аршып алмау жағы баса сөйлейді.


Осы сияқты Ханғали Сүйіншәлиевтің Дулат турасындағы тексеруі де сыңаржақ болып шықты. Дулаттың идеялық, тарихтық керітартпалығы, міні деп айтылып жүрген жайлардың бәрін баяндамашы бүркемелеп, көмескілей сөйледі. «Баптап, ептеп «өткізу» бүл конференцияның мақсаты емес» деген (353—354 беттер) сөздер, әрине, Орталық Комитет пен ғылым-білімге желім жабысып жүргендерге таптырмас «қару» боларын әсіресе Мұхаңның аңғармауы қайран қалдырады.


Міне, осылай Дулат, Шортанбай, Мұраттар әдебиет тарихынан аластатылды, атала қалса тек қайшылығы мен қарсылығы тұрғысынан көрсетіліп, оқушыны шошындырды. Соның нәтижесінде дүмше бас редакторлар мен баспа басшылары Шортанбай жырларын «Бес ғасыр жырлайды» жинағынан жұлдырып, өзіне «саяси капитал» жиғанда да білеміз.


Сөздің қысқасы, қазақтың азаматтық тарихы, оның рухани дүниесі қолдан тоналып, құлдырай түскен сайып бізді «адам» қылғандар мәртебесі өсе берді, саяси - ғылыми жағынан оз елін тұқыртқандар шен-шекпеннен құр қалмады. Ал қазақ халқы тарих бетінде артта қалған, ештеңе ойлап, айтып көрмеген мылқау, не істеп жүргенін өзі білмейтін мәңгүрт болып шыға келді.


Жоқ, мың мәртебе жоқ, тарихымыз мүлде ондай еместі. Халқымыз біреудің шөмшегін теріп күн көрмегендігі соңғы жылдары кең анықтала бастады. Бұл біздің тарихи қозғалысымыздың басы ғана, әлі тереңдеу мен тарамдану шаралары тұр. Батырлар мен билерімізді, хандарымыз бен қараларымызды әлі де анықтай түссек, өз дәуірінің үні бола білген, ұранын жырлаған, аруағын шақырған өнерпаздарымыз, әсіресе ақын-жазушыларымыз атаусыз қалмайды. Басқаны былай қойғанда, Бұқар жыраудың, Дулаттың, Шортанбайдың, Мұраттың, Сұлтанмахмұттың, Мағжанның... мүшел тойлары атала бастауының өзіне ойлана бір қараңыздаршы. Қазір қолымыз жеткенге құрмет көрсетіп жатсақ, ертең ой жететіндерге назар аударып, ғылыми жүйемен салтанат жасайтынымыз айдан анық. Сондықтан тарихқа жаңа көзқарасты жеңілдетпей, «ұлтшылдан», тереңнен қазып, шындық деңгейінде әңгімелеуге тырысайық, ұмтылайық, әйтпесе тағы біреулердің ескі шапаны етегіне оралып, өзімізден өзіміз безініп жүруіміз мүмкін.


Шортанбай жырларын ойлана оқып, көңілге тоқығандар талай шұрайлы да қомақты ойларға, түйінді тұжырымдарға кезігіп, шынайы адамгершілік жолын іздеген үлкен дарын екендігін көреді.


Дулат, Махамбет бастап, Шортанбай мен Мұрат қостаған әдеби бағыт кешегі Бұқар жырау дәстүрін жалғастыра отырып, шын өмір айнасына айналуды мақсат тұтты. Аралы ағымға айналды. Ауыз әдебиеті дәстүрін дамыта отырып, бұл профессионалды әдебиет жасау жолындағы ізденіс болды. Сондықтан да қазақ ақын-жырауларының XIX ғасырдың орта тұсында қолы жеткен көркемдік билігі — Абай негізін қалар жаңа жазба әдебиеттің алдына салынған алтын көпір еді. Абайдың Шортанбай, Дулат пен Бұқар жырау жайындағы айтқаны ендігі көркемдік дамуымызға басқаша жол, соны өнеге керек деп білетін эстетикалық таным - талаптың дүмпуі болатын.


Сонымен, Шортанбай Дулат пен Махамбеттен басталатын үлкен көркемдік, үдерісті дәйектеп шығып, қазақ әдебиетінде реалистік ағымның орнығуына өлшеусіз үлес қосты. Ол шырқыраған шындықты тұздықтап жеткізген тұлға. Елді, жұртты адамгершіліктің асқар биігіне шақырған дәуір ұраншысы. Қазақ әдебиеті тарихында зар заман кезеңін аяқтандырып, көркем сөздің қадірін аспандатқан от ауызды, орақ тілді ұлы ақын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу