Өлеңдер ✍️

  26.06.2023
  172


Автор: Серікбай Оспанов

Жатыр мұнда мәңгілікке жол жүрген...

Жатыр мұнда мәңгілікке жол жүрген,


Сезбейді деп айта алмаймын ол мүлдем.


Қайта-қайта қара тасты сыйпалап,


Бір жылылық сезінгендей болдым мен.


 


Марқасқалар – жатыр іні, ағай да,


Ұмыт болған жолықтым-ау талайға!


Қарашы анау уылжыған сәбиге,


Қарашы анау ақ шалмаған самайға.


 


Көптен бері жасамап ем бата да,


Тағзым еттім талай-талай атаға.


Тасты қала тасқындатты сезімді,


Айтты да ақыл тасқа айналған ата-ана.


 


Қара достым, қара тасқа қарап ал,


Ақ көңілің одан сайын ағарар.


Тәу еткізер, тәубеңе бір түсіріп,


Жақсылыққа жақсылықтар жамалар.


 


Көңіліңді кір басқанда, кел мұнда,


Тым аспандап шыңға асқанда, кел мұнда.


Пендешілік етегіңнен тартқылап,


Жүрегіңнен сыр қашқанда, кел мұнда!


 


Кеп тұрыңдар тасты, тылсым қалаға,


Жөн ұғасың, жолығасың ағаға.


Асып-тасып кеткен болсаң, кешіріп,


Сап-сап дейді ол, түсіреді сабаңа.


 


Кеп жатады күңіреніп күніге ел,


Осы қала тізең сенің бүгілер.


Өлгендерге тіл бітіріп, сөйлетіп,


Қара тасқа жан беретін тірілер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу