Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
26.06.2023
176
Ұршық
Көзі көрмей қалғалы
Ойға батып,
Ұршықты алып ақ әжем күрсінеді.
Талай жылдар ойнатып, жорғалатып,
Қолынан түспей келген ұршығы еді.
Әжем іске бүркіттей шүйілетін,
Жібек қолда жібек жүн есілетін.
Сағат сайын бір ұршық киінетін,
Сағат сайын қайтадан шешінетін.
Жіппен ойнап жүгірсе бала мысық,
Өзі де ойнап кеткісі келуші еді.
Енді бүгін, қараңыз, жанары шық,
Әлемдегі әженің көңілшегі!
Көрмеп еді иіліп ол тұрғанда,
Отырса да белі бір бүгілмейтін.
Таңнан кешке тапжылмай отырғанда
Ертегі де, жібі де үзілмейтін.
Кетуші еді тік тұрып баяғыда,
Тұру қайда орнынан бүгін ыршып.
Көтерілді сүйеніп таяғына,
Зырылдайды тек енді ғұмыр-ұршық!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter