Өлеңдер ✍️

  26.06.2023
  74


Автор: Серікбай Оспанов

Жел желігіп, жағаңнан ап жұлқымас...

Жел желігіп, жағаңнан ап жұлқымас,


Ыстық құмы,


Одан да ыстық ықылас.


Күн қызуын сіміріп ап,


Қатпайды


Ыстықкөлдің ыстықтығы ып-рас.


 


Үлкен – аға,


Боп кетеді кіші – іні,


Қырғыз – қазақ жатырқамас кісіні.


Айырмасы –


Қырғыздардың басында


Жүреді кіл Алатаудың мүсіні.


 


Күні де ыстық,


Ыстық құйған шайы да,


Бір-бір күн бар, қара сулы сайына!


Түні бойы көл бетінде тербелер


Қырғыз қалпақ киіп алып Айы да!


 


Біз егізбіз,


Достығымыз өнеге,


Табылады жезде, жиен, бөле де...


Алатаудың кіп-кішкене мүсінін


Мен де қайттым көтеріп ап төбеме!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу