Өлеңдер ✍️

  26.06.2023
  71


Автор: Серікбай Оспанов

Күндер – ғұмыр, зуылдап өтеді ағып...

Күндер – ғұмыр, зуылдап өтеді ағып,


Ілестіріп бір күні кетері анық.


Тіршілік – мұңаясың, қуанасың.


Үйленіп,


Сәбилі боп,


Пәтер алып.


 


Еңбек етіп, талпынып,


Тағы... Тағы...


Өмір істің тиегін ағытады.


Пенделігің сонда бір сезіледі,


Сәбилігің сонда бір сағынтады.


 


Күрес, талас көбейіп жан-жағыңда,


Өзгереді сонда бір арманың да.


Сұңқар боп-ақ ұша алмай тұрғаныңда,


Тұлпар боп-ақ жарыстан қалғаныңда,


 


Сөреге бір құрбымен жетпегенде,


Барды біреу өтірік жоқ дегенде,


Дос боп жүрген кейбіреу қысылған сәт


Бөрі болып, бөлініп шеттегенде,


 


Өкініштен өзегің өртенгенде,


Таныс біреу танауын көтергенде,


Сөбилігің – пәктігің сағындырып,


Көз алдыңнан көлбеңдеп өтер демде.


 


Ашу-ыза көзіңе жас алдырып


Сансыз ойың ішіңде жасар бүлік.


Бәрін бірақ сыртыңа шығармайсың,


Пайда болып сенде де жасандылық.


 


Айқайлатып,


Біреуді күңкілдетіп,


Бір күн келіп жатады,


Бір күн кетіп.


Кейде ақтарып айта алмай іштегіңді,


Отырасың көмейді бүлкілдетіп.


 


Ұяласың кей күндер біреу үшін,


Іште бірақ өледі ренішің.


Өкпе-баурың солқылдап,


Жүрек сыздап,


Жылайды ішің,


Кеңкілдеп күледі ішің.


 


Сәбилігің сонда бір сағынтады,


Солай... Солай...


Бұл өмір сабылтады.


Сұм да болғың келеді бәз біреудей,


Жібермейді, бар болғыр, арың тағы.


 


Жақсы ғой деп кейде бір айта алғаның.


Қай-қайдағың


Келеді айқайлағың.


Айқайладым дегенше қайқаңдадың,


Сап тыйылып қалады «сайтандарың».


 


Кейде қалып,


Кейде озып,


Кейде құлап,


Кетер сосын өмірдің күйбеңі ұнап.


Өмір – әке маңдайдан сипамайды,


Баяғыдай келмейсің үйге жылап.


 


Еркелейтін еркелеу қалады күн,


Енді жылап келеді саған ұлың.


Сәбиіңді аймалап отырасың,


Ұмыт болып барлығы манағының!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу