Өлеңдер ✍️
![](/uploads/shorttexts/author_image/mrm.png)
Ұлыма сыр
Жолдас-жора, достарың бар, адамсың,
Бәрімен де тіл табысу – саған сын.
Біреулерге жаман болсаң – жақсысың,
Біреулерге жақсы болсаң – жамансың.
Туғаның бар, аяулың бар аңсаған,
Кезігеді, танысады қанша адам –
Бәрімен де сыйласқың кеп тұрады,
Тек жақсылық күтесің сен баршадан.
Жолдас-жора, достарың кім?
Бұл да сын,
Сөйтіп жүріп бұл өмірді ұғасың.
Біреулерді жүрегіңе қабылдап,
Біреулерді жүрегіңнен сызасың.
Сыйластықсыз бұл өмірдің мәні не,
Бірақ, рас, жаға алмайсың бәріне.
Өмір сырын түсіндім деп жүргенмен,
Білмейтінің толып жатыр әлі де.
Кейде жомарт, кейде көңіл қош емес,
Кезігеді бос реніш, бос егес.
Айқайласқан елдің бәрі қас емес,
Жымиғанның бәрі саған дос емес.
Ұғыспасаң – туғанға да бөтенсің,
Өтті талай,
Әлі бастан өтер сын.
Дос-жаранның қимаймын деп көңілін,
Күлмес жерде күле салады екенсің.
Біреулер бар жігеріңді құм еткен,
Біреулер бар көңіліңе гүл еккен.
Жылтыр сөздің керегі жоқ ешкімге,
Не айтсаң да, шықса болды жүректен.
Бұл өмірдің ащы-тұщы – мол дәмі,
Сүріндірер әлі талай жолдары.
Жұртқа тегіс жағамын деп талпынба,
Ары таза адам болсаң – болғаны!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇