Өлеңдер ✍️
Аяғыңды далада байқап-байқап бастың ба...
Аяғыңды далада байқап-байқап бастың ба,
Тапталмасын тіршілік табаныңның астында.
Асығып бір жұмысқа,
Бара жатыр құмырсқа,
Жолығасың шалғында ұя салған бір құсқа.
Тіршіліксіз демеңіз таудың шыңы, қиясы.
Онда өршіл бар қыран, бар қыранның ұясы.
Тіршілік бар тырбанып жарып шыққан тасты да,
Қара, достым, абайлап аяғыңның астына.
Байқамайсың өзенде, елемейсің көлде де,
Тіршілік жүр суда да, тіршілік жүр шөлде де.
Тұмсығымен ғажайып ұя салса қарлығаш,
Ол туралы аңыздың, сенемін мен, бәрі рас!
Кесірінен біреудің жатады жер өртеніп,
Жатыр дейді жер жанып, қарамайды ел төніп.
Ойланбаймыз
Тек қана шабындық па жанатын,
Шарпиды от араның, қырғауылдың қанатын.
Өрмекшінің тоқыған өртенеді өрмегі,
Тұл болады тіршілік жердегі: шөл, көлдегі.
Өртенеді торғайлар, өртенеді көбелек,
Табанымыз астына қарамаймыз неге көп?!
Зиянкеске шашқан у ағызыпты жанарын,
Көрдім соқыр аққуды, жыламсырап қарадым.
Зиянсызға зиянсыз, зияндыға зиянды
У неге ойлап таппаймыз? –
Ұшырамын қиялды.
Жиі-жиі алмаймыз тіршілікті неге еске,
Балапаны торғайдың ол да сәби емес пе?
Еш жазықсыз
Жапанда киіктер жүр жайылып,
Құралайды не керек енесінен айырып?
Өліп жатыр қаншама құмырсқалар еңбеккер,
Ұяларды өрт шалған, мықты болсаң, жөндеп көр!
...Тіршіліктің панасы, Жердің шары – ұямда
Өрт шықпасын деп тілеп көз жүгіртем жиі алға!
Аяғыңды далада байқап-байқап бастың ба,
Тапталмасын тіршілік табаныңның астында.
Асығып бір жұмысқа,
Бара жатыр құмырсқа,
Жолығасың шалғында ұя салған бір құсқа...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter