Өлеңдер ✍️

  25.06.2023
  94


Автор: Серікбай Оспанов

Бұлттар көшіп барады шудаланып...

Бұлттар көшіп барады шудаланып,


Ағаштар тұр саусағын суға малып.


Жапырақтар – жаңқалар ұшып жатыр,


Тау өзені шулайды тулап ағып.


 


Жер де, Көк те кетіпті ылайланып,


Ызыңдайды суыққа қурай налып.


Қайта тұрып кетеді алдағандай


Шөптің басы жел тұрса құлай қалып.


 


Көл бетінен ағаш өз көркін көріп,


Жел сыпырды бақтардың шетін келіп.


Аққан сумен барады әлдеқайда


Жапырақтар қайтқан құс секілденіп.


 


Жапырақтар жауады жерге күнде,


Жапырақтар жауыпты көл бетін де.


Ызғырықта желегін Жерге беріп,


Жалаңаш тұр ағаштар жел өтінде.


 


Қыр да жұрттай,


Болыпты сай да жұрттай,


Маңай тегіс сап-сары жаялықтай.


Жасыл бояу қалдырмай, баттастырып,


Ысқырады күз деген қайран мықты-ай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу