Өлеңдер ✍️

  25.06.2023
  135


Автор: Серікбай Оспанов

Туысқандарым

Кенде еткісі келмейтін ештеңеден,


Бес қыз үйде жейдемді кестелеген.


Жалғыз бала мен едім –


Бес қайыңның


Ортасында ойланып өскен емен.


 


Сәл нәрсені сәнді етіп, бұйым қылып,


Жалғыз ұлдың бесеуі күйін біліп,


Жиһаздай ғып ойыншық жасап беріп,


Мұнтаздай ғып қоятын киіндіріп.


 


Мақтауымды бәрі де асыратын,


Алыс кетсем көргенше асығатын.


Бірақ кейін...


Бойжеткен шақтарында


Болып алды көп сырды жасыратын.


 


Қызғанып, жөні келмей басқа амалдың,


Кірпігімді сан рет жасқа малдым.


Өйткені олар шілтерлі орамалға


Жазатұғын болды атын басқалардың.


 


Осы күнді армандап өтіпті анам,


Сағынғанда бес үйге жетіп барам.


Бес қыз жүр бес үйді енді жарық қылып,


Бес жігітті туысқан етіп маған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу