Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
25.06.2023
66
Қағаз қайық
Жазғытұрым жалт-жұлт еткен нұр-дала,
Күн сынығы – көлшік ойда, қырда да.
Өзендерге қосылуға асыққан
Қағаз қайық жіберуші ек жылғаға.
Қағаз қайық қалт-құлт етіп зулайтын,
Балалар-ай, соған мәз боп шулайтын.
Қайығымыз кетпесе екен батып деп,
Кеудемізде құйттай жүрек тулайтын.
Жылғалар да тулап, толқын ататын,
Бізбен бірге жарыса ағып жататын.
Бірі жетіп, бірі жетпей өзенге,
Қайықтардың көбі суға бататын...
Ойын қуған, ойыншық жасап не түрлі,
Ерте есейді, сары бала кекілді.
Сәби күндер өте шықты зуылдап,
Суға батқан қағаз қайық секілді.
Сары баланы таниды енді бүгін кім,
Өткенді еске ап жылға бойлап жүгірдім.
Ерте батпай, қосылса екен өзенге,
Зулап аққан қағаз қайығы ұлымның!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter