Өлеңдер ✍️

  25.06.2023
  69


Автор: Серікбай Оспанов

Мықты болсаң дәл мендей серілік құр...

Мықты болсаң дәл мендей серілік құр,


Дегендей жел көшеде желігіп тұр.


Кетеді иіскеп қыздардың тамағынан,


Бүйірімнен түртеді мені үміт бір.


 


Ұят-ау деп ол ісін жайламайды,


Арулардың ақ бетін аймалайды.


Еске түсіп мұндайда жастық шағың,


Зығырданың қалайша қайнамайды?!


 


Елемейді жүгіріп алқынғанын,


Мына желдің қарашы антұрғанын!


Жүгіртеді еріксіз жанарымды,


Жалт еткізіп қыздардың балтырларын.


 


«Көз алмайды екенсің көргеніңнен,


Түк бітіре алмайсың сен көңілмен!» –


Дегендей жел құтырып, кейін қарай


Мені итеріп тастады өңменімнен.


 


Қыздардың да, қызықтың, басқаның да


Білмейсің ғой қадірін жас шағыңда.


Жел сияқты ұйтқыған сол бір кез-ай,


Өте шыққан екен-ау қас қағымда!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу