Өлеңдер ✍️
Көңілдегі күйретіп күдіктерді...
Көңілдегі күйретіп күдіктерді,
Көктем биыл өлкеме күліп келді.
Табиғатқа тіршілік сыйлады да,
Жарқ еткізді кеудеде үміттерді.
Күн-Арудың жарқылдап көзі күлді,
Оятады ойнақшып сезіміңді.
Көркем бақты аралап жүргенімде
Бойжеткенмен көрдім мен өз інімді.
Қыр да, тау да болыпты жасыл етек,
Тіршіліктің күйі тұр нәшіне кеп.
Асылады таңертең алаулы күн
Алатаудың ақ шаңқан басын өртеп.
Су толыпты көшенің арығына,
Гүл шығыпты тақырдың жарығына.
Қыбыр-қыбыр етеді жердің беті,
Шыбын – жанның оянып бәрі мына.
Туған жердің торқа етті ел топырағын,
Жайды тағы жасыл бақ жапырағын.
Көктем-қыздың мәз болып қылығына,
Тереземнің алдында отырамын.
Жадыраса көркейіп қыр қуанып,
Сенім, қуат жерімнен тұрдым алып.
Биіктерден құлдырап биге басты
Құмырсқа бел бұлақтар мың бұралып.
Қайда барсаң әсем саз ән қамалап,
Көз нұрыңды жап-жасыл тартады алап,
Толағайдай кеп қалған ертегіден,
Қырды сағым барады арқалап ап...
***
Өтіп бара жатсың-ау, асыл шағым,
Жүрегімнің лүпілі басылса – мұң.
Біздің елге тағы да көктем келіп,
Құбылады қырқада жасыл сағым.
Самал желге кеудесін ашады алап,
Құбылады бар әлем жасара қап.
Жерді жарып жас өркен сығалайды,
Күн күледі бар нұрын шаша қарап.
Жасыл әлем жанымдай жабықпаған,
Шаттығыңды жеттің бе алып маған?
Жылы жақтан қайтқан құс – жыр жолдары,
Сапарынан оралды,
Қалыпты аман.
Ақша бұлтың қыз берген орамал ма,
Жел ұшырып әкетіп барады алға?!
Көз алдымда өткенім көлбеңдейді,
Сірә, қайтып көктемім оралар ма?!
Көктем – бақыт, әкелген осынша құт,
Жер жасарды беткейді жасыл шалып.
Ақ көңілім – бақытты балалығым,
Ойнап кетті қырқада асыр салып!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter