Өлеңдер ✍️
Бәріңді бір қуантып тастағым кеп...
Бәріңді бір қуантып тастағым кеп,
Той болса тұрады кіл бастағым кеп.
Қарт көрсем жан әкеме балаймын да,
Ойлаймын бала болса жас шағым деп.
Әйтеуір бәріңді ішке тартып келем,
Жаның жаз болса әкемнен артық көрем.
Өрнектеп өлеңіммен өміріңді,
Сергітер сезімді күй тартып берем.
Бәріңе арман атты ат беремін,
Мен сонда жанға рақат ап келемін.
Беремін бәрін-бәрін,
Тек қана мен
Бақытты өзің іздеп тап дер едім.
Алыңдар, кеудемде жыр, жалын барда,
Тосамын сендер үшін бәрін де алға.
Барлығын адам болсаң жасаймын мен,
Тулаған тамырымда қаным барда!
Адаммын, адам болып тіл қатамын,
Жүдеген жүректерді жырлатамын.
Ақ бұлттың арасынан Күн боп шығып,
Көз жасын жылағанның құрғатамын.
Атпасын айқай-шумен, таңдар даумен,
Айқастым өтірік, өсек, жалған – жаумен.
Тірлікте бар адаммен дос болуды
Өтпесем болғаны тек армандаумен!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter