Өлеңдер ✍️
Не көрмедің, төзімді қайран дала...
Не көрмедің, төзімді қайран дала,
Пайда болған оқ ату қайдан ғана?!
Соғыс десе,
Келеді көз алдыма
Алақанын нан сұрап жайған бала.
Айрылмадық соғыста қай асылдан,
Қалды ма аман ажалдан айлашыл жан?
Қара жер де қайысып кетпеді ме
Қызған шоқтай бір түйір қорғасыннан?!
Жанын елден ерім жоқ аяп қалған,
Соғыс – сұмдық!
Жоқ әлі аяқталған!
Аяқтардан соғысты көрем сыңар,
Тық-тық еткен балдақтан-таяқтардан!
Мен соғысты көремін кинолардан,
Аналардан –
Тұлдырсыз үйде қалған!
Әлі күнге жол тосқан әжелерден,
Әлдеқайда алдамшы сүйреп арман.
Шаңырақтан шайқалып қараң қалған,
Қалалардан,
Жаралы алаңдардан.
Мен соғысты көремін
«Соғыс» десе,
Мөлт-мөлт төгер қайғысын жанарлардан.
Қасірет боп, қайғы боп қалды ойымда,
Болған жоқпын, соғыста,
Болмаймын да!
Еңіреген соңғы ақын мен деңіздер
Өлең жазған көрдім деп ол жайында!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter