Өлеңдер ✍️

  25.06.2023
  97


Автор: Серікбай Оспанов

Күту

Болып талай құрсау-заман, қамыт-мұң,


Ауыр азап езді еңсесін халықтың.


Қанша заман арман етіп


Бабамыз


Күтіп келді жарқыраған жарық күн.


 


Қиындықты шығарады кім естен,


Маңдай термен, ізгілікпен гүл өскен!


Бабам күткен жарық күнді


Атамыз


Алып шықты қара бұлтты түнектен.


 


Күтті  атамыз алдан тағы арманын,


Еш күнәсіз арайлы аппақ таңдарын.


Жарық күнді қаптап қайта қара бұлт,


Тартып алып, құртпақ болды бар бағын.


 


Ұмыттырып шат-шадыман шақтарды,


Айналдырмақ болды күлге бақтарды.


Атам, әкем қару алып қолына,


Жарық күнді қорғау үшін аттанды.


 


Соғыс – сұмның аспаны – айсыз, жолы – ауыр,


Күтті әжем,


Күтті анашым,


Бар ауыл.


Күтті сәби,


Күтті иті, аты да,


Жолдас болған күтті сыңсып самауыр.


 


Сонда тартты күтудің жұрт азабын,


Сонда көрді күтудің ел мазағын.


Бес жыл дауыл жыға алмады күтуді,


Сонда білді күтудің де ғажабын!


 


Күту!


Күту!


Не деген бұл мықты еді,


Бес жыл бойы Күту тізе бүкпеді!


Анам күткен –


Оралды әкем майданнан,


Жеңіс келді –


Бүкіл елдің күткені!


 


Мен туыппын жан әкемнің күткені,


Күтті бәрін...


Күту деген бітпеді.


Біреулерді арманына жеткізіп,


Біреулерді ол бүк түсіріп, бүктеді.


 


Күтті бәрі...


Күту тұрды жоғары,


«Күт! Күт!» деген жүрек жиі соғады.


Желбіреген көк байрағым секілді


Жығылған жоқ,


Жығылмайды ол әлі!


 


Оралмаған азаматтар қаншама,


Жолын тосты ел жанарлары талса да.


Күтті жары,


Күтті анасы,


Ауылы,


Ұлдарынан «қара қағаз» алса да!


 


Жылдар ақты өмірді алға жылжытып,


Жадырады кең далаға гүл бітіп.


Күту әлі жоғалған жоқ, әнеки,


Ана әскерге кеткен ұлын жүр күтіп.


 


Өкінемін жазбай кетсем бір күн жыр.


Ей, жақсы өлең,


Күткен бақыт, сілкіндір!


...Перзентхана есігінің алдында


Інім сәби келеді деп күтіп жүр!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу