Өлеңдер ✍️

  25.06.2023
  91


Автор: Серікбай Оспанов

Келер толқын, кеш бізді!

Тасқынды өмір толастап,


Тосылып қашан қалыпты?!


Толқыным, келер бол асқақ,


Тобыр деп сөкпес халықты.


 


Тоғайтып көңілді аз несіп,


Тоқтықты бақ деп санап біз,


Толарсақтан саз кешіп,


Тоба деп өткен халықпыз.


 


Топалаң тиген кезең кеп,


Тоздырып тірлік арбасын,


Тозаңы шыққан өзен көп,


Толтырар сендер арнасын.


 


Тоқталмас, айтар елші – жыр,


Тоспалы неге ол күнім.


Торыққан кезде келші бір,


Тобықтан қақпас толқыным.


 


Тұл бола жаздап тұр аймақ,


Тоқталар деумен ол алаң.


Тұп-тұнық көлімді лайлап,


Тоғайымды кім тонаған?!


 


Тозғынға жауып күнәні,


Топанның басын бұрамыз.


Тоқырау дейді ел кінәлі,


Толқымау болар кінәміз?!


Тоқтаусыз


Болат түрендер


Таспа ғып тілді бай деп қыр.


Топшылай салып жүрмеңдер,


Тосыннан болған жай деп бір...


 


Тосқауыл болмай мына біз,


Тоз-тоз боп бітті көк белдер.


Тосатын осы мұрамыз,


Тобаларым-ау, сөкпеңдер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу