Өлеңдер ✍️

  25.06.2023
  98


Автор: Серікбай Оспанов

Тауқұдірет

«Құдіретті-ау, құдіретті-ау, құдіретті-ау...»


Құсқа ілескен ерінім  күбір етті-ау.


Таң қалуды ұмытқан мені оятып,


Жүрегімнің шанағын күмбірлетті-ау!


 


Бүрі кетті-ау, жерімнің түгі кетті-ау,


Сыры кетті-ау, елімнің нұры кетті-ау...


Тілі, діні – ділі де  әлсіреді,


Көз қырыңды салсаңшы, құдіретті-ау!


 


Құдіретті есіне жиі алады,


Ұшқан сайын соңында күй қалады.


Пенделердің жасаған күнәсына


Күнде осынау құйттай құс қиналады!


 


Мылтық үні ауаны, тілді көкті,


Мұздай пәле арқамнан жүріп өтті.


Жаратқанды ұмытқан жандар үшін


Кішкене құс еске алды құдіретті!


 


«Құдіретті-ау...»


Қағып ап мұны дала


Қайталады жаңғыртып, ұғына ма?!


Балапанын оққа ұшқан  бір айналып,


Мойнын созып ұшты құс құбылаға...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу