Өлеңдер ✍️

  25.06.2023
  81


Автор: Серікбай Оспанов

Налу

Түңіліп келем заманнан,


Жаныма салды қыл бұрау.


Ақкөңіл, адал адамнан


Бір тілім қағаз құндылау.


 


Әйел де демей, ер демей,


Әркімнен бүгін сақтанам.


Айналыстағы теңгедей


Айналып келед затқа адам.


 


Қайда да зорлық-зомбылық,


Адамның құқы тапталған.


Ізгілік, мейірім болды ұмыт,


Арамтамақтық ақталған.


 


Ақиқат, Шындық сотта жүр,


Таяқ жеп күнде айладан.


Ұятқа  құлып жоқ қазір,


Арсыздық-азғын жайлаған.


 


Ел қамы қалыс қалды да,


Өсекке ердік жел беріп.


Азаматтықтың алдына


Ойқастап шықты пенделік.


 


Сатады байын қатыны,


Сатуда бала-шағасын.


Бәрі де қазір ақылы,


Бәрін де сатып аласың.


 


Қорқамын құшақ жайғаннан,


Ішінен нені тұр ойлап?!


Сайтанға қыздар айналған,


Айнала толы жын ойнақ.


 


Ұшыра алмаймын арманды,


Шаба алмай шабыт желеді.


Онсыз да сорлы жалғанды


Ойсыздық билеп келеді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу