Өлеңдер ✍️

  25.06.2023
  93


Автор: Серікбай Оспанов

Жынды қыз

Жалмауыз-түн жұтып қойған жарықты,


Қараңғылық  елестетті табытты.


Байғыз үні жандыға үрей тудырып,


Тіршіліктің бар екенін танытты.


 


Ашып-жауып тұр Ай жүзін қара бұлт,


Түнереді бозғылт тартып, ағарып.


Кәрі ошаған етегіне жабысты,


Киіз үйден шыққан қыздың шам алып.


 


Шам жарығы сығырайған, көмескі,


Сөндірмек пе?!


Сумаң қағып жел есті.


Қорбаңдаған айдаһардай қозғалып,


Аяғынан шалып жықты жол ескі.


 


Түн қызды аңдып,


Қыз түнді аңдып, арбасты,


Қараң-құраң –бәрі шайтан, албасты.


Қыз-жігіттер тойға кеткен ауылға,


Күзеттегі түні еді бұл алғашқы.


 


Санасында үрей мен жын алмасып,


Қыз аяғын созып алға,


Сәл басып,


Ұмтылғанда жағасына қол сұғып,


Тағы біреу жібермеді жармасып.


 


Көз жасы, өксік тамағына тығылып,


Қайта тұрды, қайта-қайта жығылып.


Омырауын ашқан жиде  бұтағы


Қараңғыда қасқыр болып тұр ұлып.


 


Отар қайда?!


Жаңбыр құйды кенеттен,


Меңіреу түн бардың бәрін жоқ еткен!


Аһ ұрады алға ару қыз баса алмай,


Заманындай аяғы да кер кеткен.


 


Ата-ана еді қас-қабағын бағатын,


Қайтсін қоғам,


Қайтсін оны қара түн!


Күн шатырлап жарқ еткенде танды естен,


Сыйпалар жан табылмады қанатын.


 


Селт етпеді тұл тұғырда тұрды құз.


Неткен сонша қасіретті, мұңды күз?!


Енді бүгін басқаларға үрей боп,


Жүр ауылда сол комсомол- жынды қыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу