Өлеңдер ✍️

  25.06.2023
  148


Автор: Серікбай Оспанов

Ақиқат сөз – ақ алмас

(Терме)


 


Қымбат қой өмір кісіге


Ащы да тұщы дәмімен.


Жақының кірер түсіңе


Жаныңды баурап жанымен.


Тәнті етпесе ісіне,


Не пайда жалғыз тәнінен?!


Күш қосады күшіңе


Ақ бидай, арпа, тары да


Сабағы емес, дәнімен!


Сіңеді жаның, қаныңа


Айтылған сөздер мәнімен.


Мейірімін қосып бермесе,


Сусынға қашан қанып ең?!


Желмаядай желмесе,


Көңілге көрік бермесе,


Үйіріп сөзі үлгі боп,


Құйылып күйге келмесе,


Төрт жолы бар өлеңнен


Ғибрат қашан алып ең?!


Жастықта кеше жалын ең,


Өрт болып өртеп, жанып ең,


Өте де шыққан жоқ па енді


Қай сәтін ұстап қалып ең?!


Ауыстырдың көктемді


Мінездің көркі – сабырмен!


Жастың да сөзін жатсынба,


Алсаң да ақыл кәріден.


Астары сөздің астында,


Түс пе тек қара, ақ деген,


Аға ақылы – ақ берен,


Айтпаса да сәнімен.


Ақиқат сөз – ақ алмас,


Пышағың өткір болғанмен,


Өз сабын өзі жона алмас.


Қартайған дене солғанмен,


Білім мен ілім жоғалмас,


Сақтайды сені бәрінен!


Айналаңның бәрі көз,


Аласаңды көргенмен,


Тамашаңды таба алмас.


Ағарған оңай қараймас,


Қарайған оңай ағармас,


Өмірді сүймей жанымен.


Опасыз, арсыз, білімсіз


Пенделер де бір – үрген мес.


Адамзат бірі-бірінсіз


Күңкілдегенмен, күн көрмес!


Азаматтар көп ел сенер,


Қысылса да олар сыр бермес.


Ұл-қызың азғын болса егер,


Ертеңің солар, гүлдемес!


Жан жарасы жазылмас,


Дәрігер берген дәріден!


Әр нәрсе өз дәмімен,


Әр нәрсе өз сәнімен.


Түсінер сені жанымен


Ұрпағың болса соңыңда,


Бақыттың кілті қолыңда!


Жалғайды солар өткенді


Ата-ана берген қанымен!


Асылдар туар асылдан,


Саңылаусыздар сағынбас!


Қартайғанда қасыңнан


Жарыңнан жақын табылмас!


Қартайса да тәнің бұл,


Тоқсанда да жаның жас!


Қара жерді торқа ғып,


Қай пенде бірақ жамылмас?!


Сүрінгенге қапыда


Көңілді қойма орта ғып,


Кісі бар ма жаңылмас?!


Өтірік айтсаң, өлдім де,


Шындығың оңай табылмас!


Сөйлеңдер қарап көңілге


Аға мен іні, қарындас!


 


              ***


 


Менсінбей шыққан тауымды,


Аса түссе деп абырой,


Бауырды,


Еске ап ауылды,


Еңсемді басады ауыр ой.


 


Артумен үміт әр таңға,


Жұқарды-ау өмір өзегі.


Сенімнің жүгі арқамда,


Елімнің мұңы езеді!


 


Қоғалы көлін суалтып,


Жоғары өрлер қай кісі?


Қуаныштары қуантып,


Батады ұлтым қайғысы.


 


Көп нәрседен кендемін,


Ұласа алмадым ұлыға.


Бірақ та кейбір пенденің


Жетпейді бағы мұңыма!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу