Өлеңдер ✍️

  25.06.2023
  96


Автор: Серікбай Оспанов

Ақын жаны

Сырласпай кімді кім ұғар,


Азайды жан да жыр құмар.


Жоп-жорта кейбір керенау


«Ақындар, – дейді, – жындылар.»


 


Мұңдаспай кімді кім ұғар,


Жыр оқып жаның тынығар.


Ақындай болсын ақымақ,


Жыршыдай болсын жындылар.


 


Мың сүрінер, мың құлар,


Тындырар, кейде құлдырар.


Бақытын елдің ойлаумен


Ақынның жаны шыңғырар.


 


Ет жүрегі оның езілер,


Өзгені өзі сезінер.


Қан-сөлін құйып жырына,


Мәңгілік сосын көз ілер.


 


Өлмейді бірақ шын дарын,


Өлеңі шертер сырларын.


«Ақымақ» деген біреулер


Жылайды оқып жырларын.


 


Кеудесін кеулеп сан арман,


Қамалына ойдың қамалған,


Ақынның жаны –


Елінің


Махаббатынан жаралған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу