Өлеңдер ✍️

  25.06.2023
  70


Автор: Серікбай Оспанов

Бір көз өтті «өзің мені түсін» деп...

Бір көз өтті «өзің мені түсін» деп,


Бір көз өтті қоятындай ішіп-жеп.


Мына бір көз ұясында күлкі бар,


Мына бір көз қақпанына түсірмек.


 


Мына бір көз «жақсы көр» деп қыстайды,


Мына бір көз жағамнан кеп ұстайды.


Мына бір көз құлай сүйген қызымның


Жан жылытқан жанарына ұқсайды.


 


Аңдаған да,


Арбаған да,


Алдаған


Көздер көрем ойға мені жалғаған.


Іштегінің бәрін айтып тұратын


Көз күшті ме?


Сөз күшті ме?


Таң қалам...


 


Көздерге әсте өте алмайсың жай қарап,


Тұрса дейсің мұңға батпай, жайнап-ақ.


Тіке қарай алмау кейде адамға


Ішкі әлемнің болғандығы-ау тайғанақ?!


 


Мына көзде найзағайдың жарқылы,


Мына көзде парасат пен Ар тілі!


Сансыз көздер жолығады әр күні


Көздерде жүр дүниенің бар тілі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу