Өлеңдер ✍️
Қайырымдылық
Жанашырлық танытып, жайын біліп,
Жасадың ба кісіге қайырымдылық?!
Арашаға түссе егер ағайының,
Аяғыңа жығылар қайғың бұғып!
Жоқшылықтың шыға алмай толқынынан,
Өмір-өлім беттесіп, толқыды жан...
Сондай сәтте жылы сөз айтқаның да
Демегендей емес пе қолтығыңнан!
Кең даланың қиын ғой жайы Күнсіз,
Тасымаса қалады Жайық үнсіз!..
Қысылғанда қайырым қанат берер,
Бақытты жан көргем жоқ қайырымсыз.
Кереметсің, Сен, бәлкім, шалқып тұрсың,
Бірақ туған халқыңнан артық кімсің?!
Болса халқың бақытсыз – бақытсызсың,
Болса халқың бақытты – бақыттысың!
Берекесіз артыңа үй қалдырып,
Ештеңе емес қазына, жиған мүлік!
Ізгілікке, ізетке толсын маңың,
Қазақ үшін қайырым – имандылық!
Кешегінің айналып бәрі аңызға,
Сайтан кіріп,
Бүлік сап санамызға,
Ата-баба салған із ұмытылып,
Қайырымсыз боп, кәпір боп барамыз ба?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter