Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
14.06.2023
221
Сабыр сөзі
Қарапайым қалпымдамын–
Сабырмын!
Жарқ-жұрқ еткен түсі жоқ менде лағылдың.
Есіртетін буы да жоқ алтынның,
Елге ұстамды Адам болып танылдым.
Бұйырмаппын ұшып-қонған пендеге,
Бақытқа ұқсап ақылы сәл кемге де!
Келбетінен көрмесеңіз дананың,
Түр-түсім жоқ,
Тұрмаймын мен көрмеде.
Пендеде емес,
Ішіндемін Адамның,
Келбетім–тау,
Пішінінде Даламның!
Ие бола алмай қалсаң өзіңе,
Ізде мені саласынан санаңның!
Ізде мені мейірімнен, пейілден,
Ілтипаттан, ізеттерден иілген.
Тапсаң егер табандылық танытып,
Жадыңнан да,
Шықпаймын мен үйіңнен!
Бойымда жоқ қызуы өрттің, жалынның,
Салмақтымын-
Ардақтымын- Сабырмын!
Мен, адамзат, қорғаушысы Арыңның,
Мен, Адамзат, қорғаушысы жаныңның!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter