Өлеңдер ✍️

  14.06.2023
  65


Автор: Серікбай Оспанов

Шерменде шерді шерткенде...

Шерменде шерді шерткенде,


Дірілдейді екен ішектер де.


Тулайды екен туған жер,


Жылайды екен көктем де.


 


Түсінбей мұны көп пенде,


Өкінішті өмір өткен бе?


Арманы қара көздердің


Шыңдарға бұлт боп шөккен бе?


 


Домбыра долы тынбайды,


Шертілді небір мұң-қайғы.


Ұрғылап жатыр бес саусақ,


Шанағы қалай сынбайды?


 


Сынбайды қалай шанағы,


Тырнайды неге жараны?


Тыңдайды тынып қауым ел,


Мұң-зардың өзі бағалы!


 


Безектеп ішектер шыңғырып,


Көрсетіп жатыр мың қылық.


Сағағын қысса бес саусақ,


Домбыра қалды қылғынып.


 


Тақпаймын, күйші, саған мін,


Қайғысын тарттың бабамның.


Сырқаттың-ау қос ішекпен


Сай-сүйегін сен адамның!


 


Қалайша бұған шыдарсың,


Жанарды жаспен шыларсың.


Арманда өткен бабам-ау,


Аунап бір түскен шығарсың?


 


...Шерменде шерді шерткенде,


Дірілдейді екен ішектер де.


Еңірейді екен туған жер,


Егіледі екен көктем де...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу