Өлеңдер ✍️

  14.06.2023
  147


Автор: Серікбай Оспанов

Қорқыт бабамен сырласу

Зарлы үніне қобыздың құлақ салам,


Сезімсізді ол сергітіп сыр ашпаған!


Қорқыт баба,


Қара жер суықтығын


Байқатты ма мұп-мұздай бұлақ саған?!


 


Өлім болып қуғанда сені алғаш мұң,


Құтыламын дедің бе, неге қаштың?!


Туған елден жырақтап


Өмір сүрем


Дегеніңе, бабам-ау, сене алмаспын!


 


Табиғатың өзгеше сана берген,


Сені тірісің,


Із-түзсіз қалады өлген!


Қалайша сен білмедің, Қорқыт баба,


Ыстық су да шығарын қара жерден?!


 


Білдің-ау сен...


Өмірден көп ұққаның,


Бақытыңмен бірақ та жолықпадың.


Соңымда ізім қалмайды деп ойладың,


Содан шығар өлімнен қорыққаның?!


 


Тартыс болып, әр күнің болып егес,


Өмір емес,


Санадың көбін елес.


Мағынасыз, мақсатсыз тірлік болар,


Зәреңді алған жалғыз-ақ өлім емес?!


 


Жағадан ап жалғанды сілкіледің,


Мәңгі-бақи солмайтын гүл тіледің.


Қобызыңмен қуғанда өлім-сұмды,


Ойлантты ма тағдыры бүкіл елдің?!


 


Алаулайды мәңгілік оттар бүгін,


Ел Ерлердің ұмытқан жоқ барлығын!


Өлтірмейтін заманың, адал ісің


Жүрегіңнің ұзартар тоқтар күнін.


 


Қара жердің қойнына асықты кім,


Ойламаймын өлімді жасып бүгін.


Сенсің алғаш өлімге қарсы тұрған,


Өлтірмеді өмірге ғашықтығың!


 


Үміт  оты жанады сөнбей алдан,


Алдауға да арбауға көнбейді арман.


Ажал келіп алқымнан алған кезде


Ақ жарылған адамдар өлмей қалған!


 


Арпалыста берді де өнерің дем,


Өттің жалғыз алысып сен өліммен.


Мақсаты бар адамның


Қашан-дағы


Жеңеріне өлімді сенемін мен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу