09.06.2023
  153


Автор: Аналар күні

Ана деген ардақты да аяулы жан

Ана деген — әлемдегі ең ардақты да, аяулы жан болып табылады. Тоғыз ай тоғыщ күн құрсағында көтеріп, жүрегінің астында жатқан тіршілік иесі сәбиінен барын да, нарын да аямайтын ананың адам өміріндегі орны ерекше екені айтпасақ та белгілі дүние емес пе?! Гүлдердің жайқалып өсуі үшін су мен ауа, қопсытылған топырақ қаншалықты қажет болса, балалардың да дұрыс жетіліп, адам болып қалыптасуына, тәй-тәй басып, былдырлап сөйлеуіне, жақсы мен жаманды айыра білуіне ата-ананың септігі өте зор, әсіресе аналардың аялы алақаны, мейірімді жүректері бала үшін өте қажет болып табылады.
Бізге жарық өмірді сыйлаған аналарға не сыйласа да аздық етеді. Меккеге жеті рет арқалап апарғанның өзінде қарызын өтей алмасың анық. Өйткені, аналардай бақытыңды ойлайтын, табаныңа кірген тікенді өз маңдайына кіргенін қалайтын жанашыр адам жоқ. Расында да, шын бақытыңды ойлап, ойланбастан жанын құрбан етуге даяр жалғыз адам ол — ана. Анасыз таңымыз шуақты, асымыз қуатты болмас. Ананың орны қашанда бөлек екені сөзсіз. Ана – үйдің берекесі, әрбір үйдің қамқоршы панасы, қыз баланың өнегесі екені сөзсіз. Ананың қос жанарынан мейірім, нұр төгіліп, жан-жағына шуағын себелейді. Сол шуағымен жылынып, асыл да ардақты ананың құшағында мейір алып жүрген біздер — алтындай ананы мәңгі қастерлеп, еңбегін бағадауымыз парыз. Аналарды қуанту, олардың жүзіне бақыт сыйлау бізге міндет деп білейік. Өйткені, адамдар бұл өмірде «адам» болғысы келсе, ең алдымен ананы қастерлеп, олардың жүздеріне қуаныш орнату әрбір баланың міндеті.
Ана дегеніміз — біздерге әркез жол көрсететін аспандағы ай, күніміз! Біздер үшін бар жақсысын аямайтын жарқыраған жұлдызымыз емес пе?! Ана — мөлдір бұлақ дейміз. Сол бұлақтан мейірлене қанып су ішкенде бүкіл ғұмырымыз жайқалған гүлдей тамырын тереңінен жая құлпырады емес пе?! Анасы жоқ жетім балалар, туғанынан ана мейірімін көрмей өсіп жатқан қаншама сәби бар емес пе?! Олар ана мейірімін, ана махаббатын аңсамайды дейсіз бе?! Жоқ, олар ананың жылуын, ананың мейіріміне шөлдейді, ананың ыстық алақанын аңсайды. Сондықтан да, анамыз қасымызда кезінде оларға құрмет пен ілтипат көрсетуден жалықпайық! Себебі, анасы бар адамдар мың есе бақытты жандар! Ананың орнын ешкім баса алмайды.
«О, адамдар, адамдар! Бәріңнің де анаң бар! Қаяу-мұң салмай көңіліне, Анаға дұрыс қараңдар!» — деген өлең жолдарымен ана деген асылдарды құрметтеуге, аналарды ренжітпеуге, аналардың жүздеріне тек қуаныш сыйлауға шақырамын! Аналар аман болсын! Аналар күні Аналарымызды құрметтеп, барынша қуантуға тырысайық. Ана бақыты біздің бақытымыз! Солай емес пе?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу