Өлеңдер ✍️

  07.06.2023
  391


Автор: Серікбай Оспанов

Араласып Адаммен бір жүр еңдер...

Араласып Адаммен бір жүр еңдер,


Үміт, Сенім, Мейірім, жүнжімеңдер!


Аспандашы, Арманым – ақиығым,


Жасқанбашы, сендерді кім жүгендер?!


 


Көргенім жоқ кісіні ой кісендеген,


Ізгіліктің сендерсіз ісі өнбеген!


Қолға қалам ұстар ма үмітсіз жан,


Мейірімсіз қағазға түсер ме өлең?!


 


Жақсы – Жаман қашаннан жүр егесте,


Жауапты біз –


Болашақ жүдеп өссе!


Күретамыр достыққа сендерсіңдер,


Өздеріңсіз дүние тұл емес пе?!


 


Бір-біріне Тіршілік жанын ашып,


Сендер барда болмай ма бәрі ғашық!


Ара-жігі ашылып туыстардың,


Шын сүйгендер кетпесін ажырасып!


 


Көгершін боп ұшыңдар алаңдарда,


Ойнаңдаршы от болып жанарларда!


Сүрінгенде сүйейтін сендерсіңдер,


Сендерсіңдер жетелер Адамды алға!


 


Бір-біріңмен едіңдер көптен көрші,


Өткен де ерсі, сендерсіз көктем де ерсі!


Жаралғаннан жанымыз бір емес пе,


Адамдардан алшақтап кетпеңдерші!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу