Өлеңдер ✍️

  06.06.2023
  97


Автор: Серікбай Оспанов

Еске сап жастық шағымды...

Еске сап жастық шағымды,


Жалын боп бір ой жетеді.


Жандырып бір ой жанымды,


Сөндіріп бір ой кетеді.


 


Мінгізіп бір ой ұшаққа,


Түсіріп бір ой түнерер.


Еңгізіп бір ой құшаққа,


Шығарып бір ой жіберер.


 


Бесік боп бір ой тербейді,


Ертегідегі ұшпақтай.


Бір ой кеп маза бермейді,


Қашады бір ой ұстатпай.


 


Бір ойым – дала қамында,


Бір ойым – өлең жолдары.


Бір ойым – балапанымда,


Бір ойым – елдің қорғаны.


 


Ұрғандай болар бір ойым


Құрдымға,


Бастап сағымға.


Тұрғандай етер бір ойым


Жер шары алақанымда.


 


Шығамын шыңға шарықтап,


Жылаймын іштей, күлемін.


Ағылып,


Зулап,


Қалықтап


Қанатында ойдың жүремін.


 


Сырына қанып даламның,


Ортасында ойдың мен өстім.


Ой қусам – бірнеше адаммын,


Ойсыз күні –


Ешкім емеспін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу