Өлеңдер ✍️
Ат жарыста
Ауыл сырты.
Ат жарысы бозаңда,
Айқайлайды ел:
- Бас қамшыны,
- Оз алға!
Бір-бірімен қалып жатыр жарысып
Ат тұяғы көтерген шаң- тозаң да.
Шабытыңды анау- мынау қозғар ма,
Жел үрлеген шоқтай арқа қозар ма?!
Алға атылған арғымақтарға ілесіп
Бар қазақтың кеткен ұшып көзі алға.
Ат үстінде бозбалалар, жігіттер,
Отыр еді
Орынынан тұрыпты ел.
Тілектер де бірін- бірі қамшылап,
Бір- бірімен жарысады үміттер.
Жанкүйерлер алаңқайға емініп,
Кеуделерде бас көтерді серілік!
Қайта- қайта маза бермей тақымға,
Тыпыршиды ел тұлпарлардай тебініп.
Бәрі осында бота тірсек, нар тұлға,
Намыс мінген жастарың да, қартың да.
Ат дүбірі аруақты ішке аунатып,
Ащы өксік тығылады алқымға.
Дүлдүлдерді барлық жанған көз қамап,
Ақ тілектер ағытылып кезді алап.
Қанға сіңген қасиетті қарашы,
Қазақ жанын тебірентті озған ат.
Ерекше бір күш бітіп мұң басқанға,
Ынжықтық та бой көтерді асқарға.
Қазақ рухы жиналған жұрт үні боп
Қанаттанып,
Сілкінді өрлеп аспанға.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter