Өлеңдер ✍️

  06.06.2023
  71


Автор: Серікбай Оспанов

Жесірлік-ай, ерте салып құрығын...

Жесірлік-ай, ерте салып құрығын,


От жағумен өткізді анам ғұмырын.


Жүруші еді мейірімімен ысытып


Төрт қабырға, бес қызы мен бір ұлын.


 


Азаптаған,


Мазақтаған,


Қинаған


Сол күнге де көңіл шіркін кейде алаң.


Өйткені онда бар анамның өмірі,


Қан қызуы,


Жан жылуы сыйлаған.


 


Қаншама рет мен көңілді күйді үздім,


Маңдайымды мұздай желге сүйгіздім.


Шуақ төгер анашымның  жоқтығы-ау,


Салқын тартып бара жатыр үй біздің.


 


Күн мұп-мұздай мұң арқалап келсе егер,


Жылы сөзге қашаннан-ақ ел шебер.


Сонда да өзі кеше ғана жылытқан,


Суып кетті мектептер мен кеңселер...


 


Мұз-қар бардай арамызда ағамен,


Ызғар бардай арамызда баламен.


Анашымсыз,


Мейірімінсіз анамның


Ызғарлы екен,


Ызбарлы екен бар әлем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу