Өлеңдер ✍️
Мерекеңмен, анашым!
Мені айналып соғатын, ақ самалым,
Келіспей жүр өзіңсіз қас-қабағым.
Қарасам да тағдырға талай тіке,
Сені жоқ деп айтуға жасқанамын.
Сенсіз қанша қарсы алдым мерекеңді,
Сипамайсың басынан сен еркеңді.
Тұлымшақты кішкене қыздарымнан
Көрем сені,
Көремін мен ертеңді!
Көрем сені ақиқат, адалдықтан,
Мықтылықтан,
Нәзіктік,
Адамдықтан.
Мен өзімді бақытты санар едім
Бір мінезің болса егер маған жұққан!
Жабырқатпай өтіп ең,
Жан анашым,
Сенен биік жоқ қазір балаңа шың.
Сен дер едім,
Егер де құдіреттің
Менен біреу сұраса баламасын!
Талай таңдар дұрыстап көз ілдің бе,
Шын бақыттың не екенін сезіндің бе?
Сен дер едім
Егер де біреу келіп
Баламасына сұраса төзімнің де!
Білмей өттің сезімді қалғытуды,
Деме ұлыңды көңілге жарлы туды.
Келіндерің үйренсе деп ем сенен
Қонақ сыйлап,
Жар сыйлап,
Жар күтуді!
Көкірегімде тығылып жатыпты мұң,
Ащы дәмін байқадым татып бүгін.
Көңілді едің...
Тартса еді келіндерің...
Саған тартса, әрине, бақыттымын!
Сені еске алдым,
Мұнартып жатты қырым,
«Ана!» деген сөз болар ақтық үнім!
Қарсы алғаным емес пе,
Сені ойласам
Өзіңменен шаттықты шақты бүгін?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter