Өлеңдер ✍️

  06.06.2023
  67


Автор: Серікбай Оспанов

Жап-жасыл маңай мақпал, пүліш кілең...

Жап-жасыл маңай мақпал, пүліш кілең,


Әр жерде жылтыраған күміс білем?


Сағыммен арпалысып анам шықты,


Жүгіріп маған қарай қыр үстінен.


 


Жүгіріп бір жығылып, бір тұрамын,


Тағы да алға қарай ұмтыламын.


Айқайлап әлденені айтқандай ол,


Қалды ма түк естімей бұл құлағым?!


 


Осынша неге кеткен қырға жырақ,


Апыр-ау, жүгірмей ме жылдамырақ?!


Оралсам мен оқудан әдеті ғой


Осылай қарсы алатын жылда жылап.


 


Жас еді...


Тауыспаған әлі күшін,


Жүгіріп келе жатыр «жарығы» үшін.


Аяғым бастырмайды буын кетіп,


Сүйрейді алға қарай сағынышым.


 


Анам мен екеуміз тек ен далада,


Жармасып тартқылайды жел жағаға.


Жете алмай анам маған келе жатыр,


Жүгіріп жете алмаймын мен де анама!


 


...Осылай түсіме енді, арманым-ай,


Болар ма сонша қысқа таң да бұлай?!


Өңімде оралмасын білемін ғой,


Жете алмай түсімде де қалғаным-ай!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу