Өлеңдер ✍️

  06.06.2023
  79


Автор: Серікбай Оспанов

Жүрегім, жаным – толған өлеңім...

Жүрегім, жаным – толған өлеңім,


Ойларым – қалың орман, желегім.


Көңілім – жорға көк дөненіммен


Өмір атты жон, жолда келемін.


 


Бақытқа толы бауларым, бағым,


Арманның алыс ауданындамын.


Анық білемін


Ашу,


Ыза,


Кек


Секілді үлкен жауларым барын.


 


Өмірді бітпес мейрамдай деп ем,


Өзімді енді неге алдай берем?


Күресудемін,


Дем алмай келем,


Қырсықтарды әлі жеңе алмай келем.


 


Сұрап алмадым Ар, Ұятты елден,


Жауларымды да жан қинап келген.


Тіресудей-ақ тіреседі екен


Мінез шіркінің табиғат берген.


 


Өлеңім бәрін жария қылды,


Өлеңінен бәрі таниды ақынды.


Жауларым жеңіп  кетпесін деумен


Қалғытпай келем Ар-Ұятымды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу