Өлеңдер ✍️

Жалғызтаудың баурында
Үзік-үзік ойларым,
Жамау-жамау көңіл де.
Жалт-жұлт ойнап ойда күн,
Тінтті қырдың төрін де.
Көңіл жамау болары -
Жалғыз үйміз біз мұнда.
Салынған жол жоқ әлі,
Әкеледі із мұнда.
Жалт-жұлт ойдың ойнауы -
Күн жалтыр көл бетінде.
Жалғызтаудың қойнауы -
Көл толқытқан жел күнде.
Алба-жұлба қара бұлт,
Жыртық- жыртық көлеңке.
Тарам-тарам таралып,
Көлбең- көлбең кең өлке.
Жыртық-жыртық көлеңке -
Көлеңкесі бұлттардың.
Шашылмайды жерге ерте
Шуақ шашып шыққан күн.
Мұны бөтен ұққан кім?!
Шашылмайтын себебі -
Тау артына бұққан күн
Сәулесін кеш себеді.
Келбеті мен даланың
Аты ойлантар таудың да.
Жалғыз өскен баламын,
Жалғызтаудың баурында.
Тауып қойған ел атын,
Тауда ауыл жоқ енді.
Толғандырып,
Мені ақын
Еткен кеше сол еді.
Алба-жұлба аспанын,
Қараң-құраң жерін де
Деп қабылдап жас шағым,
Медет тұттым көңілге.
Үзік-үзік ойларым,
Жамау-жамау көңіл де.
Жалт- жұлт ойнап ойда күн,
Тінтті қырдың төрін де.
Ой да,
Бұлт та -
Бәрі ауыр,
Жалғызтаудай сенім де.
Көшіп кетіп бар ауыл,
Сағым қапты белінде...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇