Өлеңдер ✍️

  31.05.2023
  96


Автор: Серікбай Оспанов

Қараңғы түн...

Қараңғы түн.


Таныс бақ.


Ұйқтамаған ғарыш жақ.


Кеттім жерден алыстап,


Кеттім елден алыстап.


 


Болмаған ғой жан біліп,


Көрген дейсіз өлшеп кім?


Аспан – шексіз, мәңгілік,


Мәңгілікке жол шектім.


 


Анадаймын толғатқан,


Таң қап аспан-көрмеге.


Бар ма, жоқ па ол жақтан


Қарайтын жан жерге де?


 


Жарық,


Анық,


Көмескі,


Жанып,


Ағып,


Сөнеді.


Неге жанды, неге өшті,


Мазалайды себебі.


 


Сансыз жұлдыз,


Бірі, әне,


Жерге қарай ағылды.


Болды ма екен кінәлі,


Біреуді әлде сағынды?


 


Қараңғыдан жарыққа


Қараймын көз талдырып.


Жұмбақ барлық халыққа –


Мәңгілік пе, мәңгілік?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу