Өлеңдер ✍️

  31.05.2023
  85


Автор: Серікбай Оспанов

Шетен

– Қайдан бізге кезікті, о, құрғыр-ай,


Ойламап ем болмас деп жолым бұлай! –


Деп бір кісі бүлінді өз-өзінен


Көрген кезде ағашты тобылғыдай.


 


– Қалай-қалай жапырақ жайқалтады,


Сайтаны бар!


Бұл неме жай тартады! –


Ала көзбен атады сол ағашты,


Әңгімесі сол ағаш айтар тағы:


 


– Сүйін мейлі, сен оған күйін мейлі,


Морт сынады


Қатты ағаш,


Иілмейді.


Ауылыңа қызығып алып барма,


Өртенеді, қарағым, үйің, – дейді.


 


...Бұл ағашты қайтеміз біз алғанда,


Оны бізден шал қайтсін қызғанғанда?!


Ойландырды бірақ та,


Шетен, тегі,


Өз кінәсін білгеннен қызарған ба?!


 


Болмас затқа миыңды тоздырасың,


«Мұны неге, – демеңіз, – сөз қыласың?»


Мінезділер шетендей баршылық-ау,


Бәрі, шіркін, сезсе ғой өз кінәсін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу