Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
31.05.2023
91

Таң
Ұйқылы-ояу тұр мүлгіп маужырап маң,
Көрінеді мұнартып тау жырақтан.
Шығыс жиек шаңытып құс жолындай,
Келе жатыр алыстан аулыма ақ таң.
Қыр көрінді қырмызы жасыл иық,
Ұйқтап жатыр қырқаның тасы да ұйып.
Түрекеліп тұрып-ақ қалғып кеткен
Гүл біткеннің барлығы басын иіп.
Түні бойы шыққандай жылап дала,
Сылдыр-сылдыр ағады бұлақ қана.
Жаңа күннің байқатып басталғанын,
Пайда бопты ақ жолақ қыратта да.
Қырат-қырқа жадырып, болды ақ маңдай,
Түні бойы тіршілік толғатқандай,
Енді, міне, өмірге сәби келді,
Сәби – Күнім!
Ол – шаттық!
Ол – бақ қандай!
Жаңа бір таң құшағын жайды маған,
Жайма-шуақ, жайдары, жайлы далам.
Келе жатыр Күн күліп қызыл шақа,
Қызыл шақа сәбиден айнымаған!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter