Өлеңдер ✍️

  31.05.2023
  199


Автор: Серікбай Оспанов

Қаратауым – баба тауым

Қаратау – жер өркеші, ел өркеші,


Баурайы – ән,


Шыңдары – күй,


Өлең – төсі,


Қаратау қара емес тек – қызыл-жасыл,


Қап-қара құздарының көлеңкесі.


 


Көктөбе...


Қызыл төбе...


Қара шыңдар...


Қоңырқай, қож-қож  болған  ала шыңдар.


Қамалай қалған сынды көк жазықты,


Жағалай тұрысында жарасым бар.


 


Өлең-жыр,


Күйге арқауым,


Әнге арқауым,


Анашым, ата тауым, баба тауым.


Өзіңсің өткен күннің куәгері,


Өзіңсің жаңа қауым – ақ отауым.


 


Тарихтың қандай ғажап өшпегені,


Мына тау ұмыттырмас ештеңені.


Келіншек жетектеген


Ат, түйелі


«Басынан Қаратаудың көш келеді...»


 


Бұлағы жеткенше елге құлшынады,


Бұлағы жеткен жерге гүл шығады.


Кең-байтак қазақтың бұл даласында


Ай туып Қаратаудан Күн шығады!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу