Өлеңдер ✍️
Қос қарағай
Терезенің алдында қос қарағай,
Өтпеуші еді дұшпан мен дос қарамай.
Көз алдыма келеді
Кешке жақын
Саясында сүйгенін тосқан ағай.
Қос қарағай, қосылып ән салатын,
Аяулысың, үніңді аңсар ақын.
Екеуіңді жел тербеп мұңдасқанда,
Қайран қалып халайық тамсанатын.
Жалғыз қапсың,
Неге енді жетер күшің,
Жабырқаумен өмірден өтермісің?!
Сыңарынан айрылған аққудай боп,
Сен де бір күн морт сынып кетермісің?!
Бой созып тұр аспанға бір түп арман,
Бақытымыз шықса еді, шіркін, алдан!
Қызыл-жасыл айнала гүл өсіпті,
Ағаш үйдің тек қана жұрты қалған.
Екеуіңді әкем мен анам еккен,
Атасам ба сені әлде аға деп мен?!
Ата-анамды еске алып еміренген,
Екеуіңе таныстар қарап өткен!
Жасық кей күн, өтуде асыл кей күн,
Өзгермепті әлі де жасыл кейпің.
Әзіл-шыны аралас
Құрдастары
Екеуіңді Зүбәйра – Әшім дейтін.
Болса екен деп екеуің көкшіл орман,
Аралайтын туған жер төсін арман.
Жылап тұрсың жоқтап сен серігіңді,
Сыңарыңды кім екен кесіп алған?!
Екеуіңді әкем мен анам көрген,
Балалары сағынып саған келген.
Әкем жайлы, сыр айтып анам жайлы,
Әнге салшы қосылып самал желмен.
Сағынышымды арқалап келдім елге,
Жалғыз көрем демеп ем сені белде.
Жалғызбын деп ойлама, мен – сыңарың,
Жалғызбын деп айтпайын енді мен де!
Қарағайым,
Тұра бер жасыл күйде,
Сені көрсем, тыйылмас жасым кейде,
Келген сайын біз саған бас иейік,
Қасіретке сен бірақ басыңды име!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter