Өлеңдер ✍️
Көңілімдесің, Көкшетау!
Сері мекен
Жағалай жыр – жап-жасыл жасыл әлем,
Көңіл кені – Көкшетау,
Ғашық әні ең.
Топырағың торқадай,
Жерің түгіл,
Шынар шыққан бас идім тасыңа мен.
Маңдай терін ер диқан жерге берген,
Жер көгерген,
Жерменен ел көгерген.
Сыйладың да жаныма жасыл орман,
Келді сені көгерткім мен де өлеңмен.
Самал желің Ақанның әкелді үнін,
Сыбырлайды қайыңдар Сәкен жырын.
Көңілденіп, Көкшем-ау, сала бердім,
Оралғандай майданнан әкем бүгін.
Үнді, сыршыл үңілсем бұлағыңа,
Біржан даусы жеткендей құлағыма.
Ақтоқтының ақша бұлт – орамалы,
Анау қыран Ақанның қыраны ма?!
Ақ армандар ақ қайың емес пе екен,
Жар басына жармасып неге өсті екен?
Көргенімде жұп-жұыр белестерді,
Балуан Шолақ батырды елестетем.
Бурабайдың қарасаң тұнығы – айна,
Күліп Күн де,
Шомылар күліп Ай да.
Аспандағы аққуға үнін қосып,
Сенде үкілі ән салды Ыбырай да.
Қас қарай ма,
Сүйсінген дос қарай ма,
Табиғатым көп мұнда тосқан айна.
Ештеңе жоқ ебейсіз көзге ұратын –
Ұқсайтұғын ұр да жық Поштабайға.
Қазақ біткен демейді сені бөтен,
Тек ақындық көңіл ғой жеріңе тең!
Көңілдерді көл етіп, селдете бер,
Серілерді сергіткен, Сері мекен!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter