Өлеңдер ✍️
Бала шағын ұмытпайды мынау ұл...
Бала шағын ұмытпайды мынау ұл,
Әлі есімде жылаңқы сол жыл ауыр.
Торғай – Ырғыз ортасында тұратын
Балдай атты кішігірім бір ауыл.
Гүлі – өлең,
Өзен, көлі, күні – өлең,
Сол ауылдың өскен мен де түлегі ем,
Балдай өсіп қала болса дегенмін,
Қонақтың да көп келуін тілегем.
Балдай бірақ ауыл еді шеттегі,
Тілегенмен, қала болып кетпеді.
Сәби даусын жинап алып тұратын
Ең болмаса жоқ бастауыш мектебі.
Арманымды самғаттырып жөнеген,
Ұшақ кейде ағушы еді төбеден.
Аппақ-аппақ ақша бұлтқа мініп ап,
Сол қиялмен айтушы едім мен өлең.
Жұпынылау өткені рас бала шақ,
Сонда да біз мінген жоқпыз ағаш ат.
Ойнап өстік тұлпарлардың жалында,
Арасында Балдай менен Жабасақ.
Жүгірген аң, ұшқан құспен бірге өстік,
Аспандағы Ай, жұлдыздармен тілдестік.
Небір ақ жол толқындармен алысып,
Жалаң аяқ тікен басып, құм кештік.
Үйге кірмей, жуа теріп күнімен,
Қара сирақ болғандардың бірі мен.
Лимон қосқан қайда онда тәттісі,
Құм сағызды шайнаушы едік құмымен.
Балалар ек табиғатқа ғашық-ақ,
Бізді атамыз қыдыратын қасына ап.
Күз келгенде қолымыздан ұшырдық
Талай жетім балапанды асырап.
Аппақ сүйрік болмасақ та борықтай,
Біз жүгірдік желден, селден қорықпай.
Жетім өстік,
Еркін өстік бірақ та
Ауыздыққа,
Жауыздыққа жолықпай!
Бұлақтарға қарап
тарап кекілді,
Тердік гүлді біз даладан не түрлі.
Сондықтан ба көңілім күнде ауылда,
Табиғатпен жаным бірге секілді!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter