Өлеңдер ✍️

  31.05.2023
  107


Автор: Серікбай Оспанов

Ауылда

Жаз мейірі түсті-ау мұнда,


Қырат көркем,


Қия сәнді.


Біздің ауыл қыстауына


Қарлығаштар ұя салды.


 


Жел соғып бір жанталасқан,


Естімеген күй басталды.


Қара бұлттар қаптап аспан,


Ақ нөсері құя салды.


 


Көк аспанның жүзіне асыл,


Кемпірқосақ арай берді.


Күн керемет қызыл-жасыл


Көзәйнекпен қарайды енді.


 


Кең даланың гүл-бағына


Қуанысып қалды жастар.


Телеграф сымдарына


Нота жазды қарлығаштар.


 


Оқып тұр ма сол нотаны,


Қарап атай үңіледі.


Қақ тұрыпты жолға тағы,


Бетінде жел жүгіреді.


 


Жүгіреді балалар да,


Жалаң аяқ желмен бірге.


Қақ суына қарағанда,


Көзің түсер күлген күнге.


 


Өмір-ғажап!


Себебі не?!


Бұл – жаңалық!


Мен ашқанмын!


Үңіліп ем тереңіне,


Көшірмесі көк аспанның.


 


Жол бойында бағандардың


Сым-ішектерін дауыл қақса,


Күңіренер


Алаңдар кім


Ауылдасқа,


Бауырласқа?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу