Өлеңдер ✍️

  31.05.2023
  142


Автор: Серікбай Оспанов

Қара теңіз

Бір толқынды бір толқын қуып келіп,


Жағалауға қалады суыт төніп.


Асау теңіз түседі арнасына,


Тау етегін тазалап,


Жуып беріп.


 


Қыбыр-қыбыр...


Айнала тұнған адам,


Орын табу қиын-ақ бұл жағадан.


Қара теңіз, қара адам, қара тастар...


Ұялтады төбеңнен күн қараған.


 


Қызық көргің келсе егер жағаға бар,


Алтын жаға бәрінен дараланар.


Аппақ-аппақ толқынмен араласып,


Суға төніп ұшады шағалалар.


 


Кездеседі қиыла қарағандар,


Берегендер және де алағандар...


Аппақ-аппақ адаммен араласып,


Құмда құлап жатады қара адамдар...


 


Ала бұлттар жөңкілген аспандағы,


Сән сарайлар орнаған асқардағы,


Бәрі-бәрі жүзіп жүр су бетінде,


Су бетінде жүзіп жүр тастар-дағы.


 


Әр халықтың толқында қалған ба әні,


Теңіз, таулар, жағалау – арман бәрі!


Елге сыйлап жатады сұлулықты,


Бар сұлулық өзіңде жалғандағы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу