Өлеңдер ✍️

  31.05.2023
  88


Автор: Серікбай Оспанов

Ауылдан қайтқанда

Қимастықпен ару қыз – көзге ұрса Күн,


Қол бұлғайды қоштасып бозғыл сағым.


Туған жердің танауды қытықтайтын


Иіскегім кеп келеді боз жусанын.


 


Таныс ауыл жетелеп бала күнге,


Самал-әнші сан түрлі салады әнге.


Баурында өскен баласын қимағандай,


Дөңгеленіп келеді дала бірге.


 


Самғап кетер мұндайда қияға арман,


Тұлпарлардың дүбірлі тұяғы арман.


«Қош-қош!» дейді қаққылап қанаттарын,


Қарлығаштар көтеріліп ұялардан.


 


Салқын самал еседі, тынбайды алдан,


Бозторғайлар тынымсыз жырлай қалған.


Шалғын болып қол бұлғап қалып жатыр,


Бабаларым қырмызы қырға айналған.


 


Тілеп маған сәт сапар жол жырлайды,


(Келеді әрі еске сап ол бір жайды...)


Мұржалардан бұралып шыққан түтін


Билеп тұрып қоштасып қол бұлғайды.


 


Туған жердің толыпты төсі гүлге,


Ауылымда мерейім өсті күнде.


Соғатындай өзгеше,


Достым, тыңда,


Жүрегімнің дүрсілін естідің бе?


 


Кең даланың күйі – жел, жыры – бұлақ,


Құлын-тайдың жарысқан қылығы ұнап,


Бәрі-бәрін сыйдырып құшағыма,


Туған жердің барамын дүбірін ап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу