Эсселер ✍️
Түстен кейінгі Бейжің күзінде
(Эссе)
Ең шуақты күз — Бейжің күзі деседі. Алайда, керісінше, күзгі Бейжің менің еңсемді езе түсетін сияқты. Мәселе, менің сыртқа сирек шығатынымда болса керек. Шыққан күнде де алысқа ұзамайтындығымда. Ары кетсе көрші пошта мен азық-түлік сатып алуға ғана аялдаймын. Қашан да бір ғана мақсатпен- кітаптарды жөнелту мен тамақ сатып алу. Жұмысым біте салысымен ығы-жығы көліктерден сытылып шығып, біраз жаяу жүргіншілер жолағын баса отырып, үйге қайтуға асығамын. Ғажабы сол, жолда пәлсапа туралы ойласа болды аспаннан көзін алмайтын Цюй Юань мен Тао Цяньның әдетіне салынып көрген емеспін.
Бейжіңге күз келсе болды аспан адам айтқысыз көкшіл түске енеді деседі білетіндер. Көкшілдігі соншалық, дәл бір тұңғиық теңіз дерсің. Егер де аспанда бірлі-екілі шөкім бұлт болғанда оларды теңіз айдынында жүзген алқызыл желкенді кемеге теңер ме едік. Ал, мүмкін сол аспанда қалқыған құстар тізбегін көрсек, олардың зарлы шуылын естісек, иә мынау нағыз бейжің күзі деп әспеттеуге асығар ма едік, кім білсін...
Күнтізбеде маған күз енді ғана басталып жатқандай көрінгенмен, қырылдаған желдеткіш даусы күмән келтіруге мәжбүрлейді. Егер түс ауа күңгірт көшелерге шықсаңыз жарығы талмаусырап түскен шамдарды көресіз. Айналасында қызыл түсті көліктер тұрақ тепкен, бағанасына фитиль түсіндей еріп жабысқан көмір дақтарын байқайсыз. Жаяу жүргіншілер жолымен еркін көсілген адамдар легі жабысқақ терімен жабылған ашық сол көрініске назар салмайды. Осындайда үйден шығуға құмар емеспін. Бұл уақытта әдетте ұйықтағанды дұрыс көремін. Түні бойы ояу жүрсем де, күндіз міндетті түрде бір ұйықтап алуды әдетіме айналдырғам. Егер күндіз ұйықтамасам, кешкісін міндетті түрде басым ауырады.
Күндіз түсімде даңқты Чжу Цзыцин айтқан лотостар бөгетін көремін. Қанша жерден лотосты жаздық гүлге теңесе де, бұқаралық ақпарат құралдары оның күзде ғана Бейжіңде түлейтінін күнде көрсетіп жатады. Қорапшаға лотостың жапырағы мен нәзік бүрлерін нығыздап жатып Күз Ортасы мерекесі жақындағанын сездім.
Мен түстен кейін ұзақ ұйықтаймын. Кештетіп түнгі он екілерде көз ілсем, кеш тұрамын. Ондайда ең ертерек тұрғанымның өзі үш-төрттерге созылады. Көзімнің былшыған тазалап, беті-қолымды жуып болғанша күн де терезе бетіне алтын әспетін шашып үлгереді. Төсегімнен тұра салысымен мен міндетті түрде өзіме шай қамдап аламын да, үстел үстіне отырамын. Егер әйелім жанымда болмаса аздап шылым шегіп аламын. Жұмсақ шылым мен қатты шәй- міне дүниенің рақаты. Оны сөзбен жеткізу мүмкін емес.
Шәйді сораптап отырып, кітап беттерін парақтаймын. Түстен кейін ештеңе жазбайтын әдетім. Бір қызығы өзімнің оқуға деген ескі әрі пайдалы әдетімді тастамағаным; кітапты қолға алған бойда мен оны соңынан оқимын. Егер кітап қызғылықты болса- басынан бастап оқимын. Ойлап тұрсам қырықтың қырына шыққалы бері басынан аяғына дейін шыдам танытып толық оқып шыққан бір де бір кітабым жоқ екен (тіпті ол қызықты болсын). Мен мұның жаман әдет екенін білемін, бірақ оны жөндеу енді мүмкін емес. Аздап оқыған соң сәл зерігу мен шаршауды сезіп, орнымнан тұрамын. Тордағы жыртқыш аңдай бөлмені ары-бері айналамын да жүремін. Кейде тұрғанына он жылдам астам болған Hitachi теледидарын қосамын. Оның диоганалі 21 дюйм, сол уақыттарда бұндай теледидарлар қатты сұранысқа ие-тін. Мен оны шетелде жүргенде жеңілдіксіз дүкендердің бірінен қалыпты нормадан тыс пұлға сатып алған болатынмын. Соңғы уақыттарда жапон тауарларына деген шағымдар көптеп кеткені рас, бірақ мендегі теледидар өте жақсы жұмыс істеп тұр. Тіпті жақсы екені соншалық, кейде зеріктіріп жібереді. Міне арада он жыл өтсе де мен оны әр қосқан сайын ол еш кедір-бұдырсыз анық көрсетеді, дыбысы да қанық. Сондықтан оны лақтырып тастауға еш негіз жоқ. Егер теледидардан музыкалық пьеса қойылып жатқан болса, мен әсерімнен айыға алмай қараймын. Музыкадан ерекше әсер алу- менің күш қуат көзім. Қосалқы ракеткамды қолымда айналдара отырып, мен өзім де бөлме ішінде музыка ырғағына айналамын. Басыма одан басқа түк те келмейді. Мен өз өзімді ұмытамын. Ал, бұл сондай керемет әсер, тіпті сөзбен айтып жеткізе алмайсың.
Мен ырғақты айналудан ешқашан шаршаған емеспін, шамасы бұл пьеса әсерінен болса керек. Пьеса аяқталғанда мені қайта мұң басады. Мұңмен күресу үшін тоңазытқыштан жейтін бірдеңе іздеймін. Тоңазытқыштың маркасы Toshiba, ол да жапон тауары. Ол да неміс маркасымен жеңілдіксіз дүкендер желісінен сатылып алынған. Бірақ бірде ол бұзылып қалып, әйелім жуан таяқпен тарс еткізіп еді, істеп кетті. Әдетте маған тоңазытқыштан жейтін бірдеңе міндетті түрде табылып қалады, егер табылмаса әйелім мені жақын арадағы көкеністер базарына жұмсайды. Бірақ шынында мен оның мені көп қимылдасын деп үйден аулаққа жіберетінін білемін.
Кейде түс ауа Бейжіңнің жайлы бір күзінде мен көкеніс базарына барамын. Бұрындарда Бейжің мезгілдерін аспанның түсімен ғана емес, гүлдердің бүршік атуымен де бағамдай беруші еді. Дәл сол көкеніс базарында сатылатын көкеністер мен жемістер түсімен де жобаласа болатын. Күз ортасы мерекесі — алма, алмұрт, жүзім, қарбыз сияқты тәтті бақша жемістерінің уақыты. Бір түнде анау мұхиттың ар жағынан жеміс тасымалдап алатын Бейжіңнің күні өткен баяғыда. Қазір бұл прогресс бақшаларда мезгілдің келуін күтпей өсетін дәрежеге жеткен. Бұрындарда Күз ортасы мерекесінде ошақ айнала отырып қарбыз жеу арман болатын. Ал, қазір далада боран ысқырып тұрса да базардың кез келген жерінен қарбыз сатып алуға болады. Қазір қыста Хайнань базарларында қарбыз сатылып тұса- таңғалмайсың. Онда сатылып тұрғандар Бейжің жылыжайында қолдан егілген қарбыздар. Базарда көкеніс пен жеміс-жидектердің самсап тұрғаны сонша, тіпті көздерің нені таңдауды ұмытып қалады. Заттар көп болған сайын, жақсы тауарды таңдау қиынға түсіп кететін әдеті емес пе?
Кешкісін үйге оралысымен подъезде ілінулі тұрған газетті аламын. Мен «Бейжіңдік кешкі газетке» жазылғалы бері өзімді бейжіңдік сезініп жүрмін. Аталмыш газет миллиондаған тиражбен таралатындықтан күн сайын таралым саны да кеңейіп, жарнама саны да артып барады. Әдеттегідей газеттің бірінші жолағына маңызды ештеңе жазбайды. Бұл бір теле-жаңалықтардың алдындағы он минуттық шағын жарнама сияқты бөлігі. Ал басқа беттерінде қызықты бірдеңелер жазуы мүмкін, бірақ мен оны бәрібір ұмытып қаламын. Мен газетті толық оқып біткен сәтте кешкі астың уағы да болады. Ал, енді кешкі астан кейінгі болатұғын жайттар мүлдем бұл ойтолғауға қатысы жоқ. Өйткені мен бұл эссемде түстен кейінгі және кешкі асқа дейінгі оқиғаларды ғана баяндауым керек қой.
Кейде түстен кейін маған сұхбат алу үшін журналистер келеді, ал, кейде мен өз бөлмемде қонақтарды қабылдаймын. Бұл қонақтар не достарым болуы мүмкін, не мүлдем бейтаныс адамдар болуы мүмкін. Журналистерге беретін сұхбатым сондай іш пыстырарлық, бірақ оны бермеске болмайды.. Сондықтан әртүрлі ішірткілерді қойыртпақтап, бір айтқанды мың рет қайталай беремін. Ал, достарыммен әңгімелесу мылжың сұхбаттардан әлдеқайда артық. Біз онда шылым шегіп, шәй ішіп, әртүрлі тақырыптардың басын шаламыз. Тіпті кейде қаламдастармен қызу пікір таласқа да түсіп кететін кездеріміз болады. Бұрын менің тілім сүйексіз еді, не болса соны көкіп көптің алдында қадірім кетіп жүретін, бірақ қазір тәжірибе жинақтап, айлаға көп басатындықтан көбінесе адамдарды сынап-мінемеймін. Егер де жақсы нәрсе айту керек болса, онда толық айтамын, ал, айтуға тұрарлық ештеңе таппасам тілімді тістеймін де отыра беремін немесе «ауа-райы тамаша» деп лағып кетемін...ха-ха-ха
Бейжіңдегі барлық төрт мезгіл де жарқын бейнеде суреттелген, соның ішінде үш айға созылатын күз де. Күз Бейжіңдегі ең әсем жыл мезгілі болуы керек, айтып айтпай-ақ Күз ортасы мерекесі қарсаңында шынымен бұл мезгіл ең шырайлы мезгілге айналады. Менің бала кезімде өскен жерім Шаньдунда Күз ортасы мейрамы әрқашан қызық көрінетін. Себебі дәл осы мезгіл тақаған тұста ай толық туып, жерге айшешек тоқаштары шашу болып шашырайды. Осыған байланысты Су Дунпоның мынадай танымал сөзі бар; «Аспанда толық ай дөңгеленген тұста, бір кесе шарап құйып ал да таза аспанға сұрақ қой». Ол бұл сөзін дәл сол мен өскен ауданда болыс боп тұрғанда жазса керек. Толық айдың көрініс беруін сол замандарда қаншалықты тағатсыздана күткен десеңші. Тағы бір ескеретін жай, сол кездерде айшешек тоқаштарын жеу дәстүрде болмаған сыңайлы,- әйтпесе бұл туралы Су Дунпо міндетті түрде жазар еді. Ол жайлы мынадай бір аңыз бар. Юань қытайлар империясы заманында қайта күш жия бастаған маңғол тайпаларына қарсы тұрар тұста, тоқаштарға жасырын хаттар жасырып, сыйлық ретінде бір-бірімен алмасып отырса керек. Бала күнімде бір кісіден естігенім бар еді, Моңғолияның ішіндегі ірі қара мал сататын алыпсатарлар дәл 8-ші айдың 15 күнін далаға аттанып, шөптер арасында тығылып жатумен өткізетін көрінеді. Рас- өтірігін кім білсін, уақыт өте келе солармен біз етене жақын болып, араласып кеттік. Қазір айшешек тоқаштарында не жоқ дейсіз ғой, сол бір хаттардан басқасының бәрі бар. Менің ойымда үнемі Күз ортасы мерекесін Бейжіңде ойлап тапқан сияқты болады да тұрады, себебі Бейжіңде бір кездері Юань империясының астанасы- Даду болған. Юань дәуіріндегі қираған қабырғалар қаңқасы әлі күнге дейін бір кездері мен тұрған аудан Сиоситяньда сақтаулы тұр. Қабырғаның жоғарғы жағы шырмауықталған. Күзде дәл осы қамалда тұрып ойға батсаң, нағыз бейжіңдік күздің сұлулығын сезінер ме едің. Маған да жақсы жаза түсу үшін сол жаққа ат басын бұрып қайту керек пе еді...
Қазір Күз ортасы мерекесіне орай үлкен тоқаштарды дайындау науқаны басталып кетті. Айшешек тоқаштары түрлерінің көптігі соншалық, тіпті адамдар қайсысын таңдасам болады деп әуре. Сыртынан қарасаң бәрі әдемі, бірақ дәмі қалыпты. Осы түрімде мен сіздерге Лу Шүн мырзаның ертегісіндегі заманауи тағамдарға әділ баға бере алмаған қартаң әже Цзю-цзинь |1| сияқты көрінуім мүмкін. Бірақ бұрынғы кездердегі айшешек тоқаштарына қосатын қосындылармен салыстырғанда қазіргі қоспалар әлдеқайда жақсырақ, сондықтан дәмі де жақсы болуы керек ғой. Дәмде тұрған ештеңе жоқ десек, әңгіме оның өзіне емес, сыртын қаптайтын қорабына көшеді. Міне енді олар нағыз жауһар сарайлардай жылтырап, көздің жауын алады. Менің осы арада түсінбейтін бір нәрсем, не үшін оларды сондай әсем қорапқа салады. Әр жыл сайын осы сүйкімді қораптарды қайда құртамын деп уайымдайтын болдым. Адамдар өз бастарына қамқорлық таныта алады, ғылым дамыған сайын ол қамқорлық шеттен шығады.
Бейжің күзіне сүйсіне қарауға болатын ең танымал орын- ол, әлбетте, Сяншань. Оның атағы тау етегінің күз келгенде қызыл түске боялатындығын шықты. Ұзақ уақыт бойына қызыл жапырақтарымен үйеңкілер тұрады. Меніңше, өз уақытында Цао Сюэцин |2|,Налан Синдэ |3| де өзге де көптеген сарай ақсүйектері мен өз дәуірінің танымал адамдары сияқты күзгі қызыл жапырақтарға көз суару үшін Сяншаньға көтерілген сияқты. Чжоу Цзожень жергілікті шіркеуде айтарлықтай ұзақ уақыт өмір сүрді, сол кездегі оның шығармалары күз бен ауыз қуыратын әртүрлі дәмдерді еске салатын күзгі жапырақтармен тығыз байланысты. Менің Бейжіңде өмір сүргеніме 20 жылдан астам мерзім өтсе де, Сяншаньда ешқашан болған емеспін. Алайда, бұл осынау жердің маған бейтаныстығын білдірмейді: менің басым сол жақтағы қызыл жапырақтарға лықа толы. Егер мен шын мәнінде Сяншаньға барар болсам, мені сөзсіз таңдану сезімі күтіп тұратыны ақиқат. Мен қызыл жапырақтарға көз тойдырғысы келетін адамдардың саны қызыл жапырақтардың өзінен де көп екенін білемін, ал табиғат сұлуларына тыныш жағдайда ғана сүйсіну керек: айқай мен қарбаластық бұған кедергі келтіреді.
Қазір сол Бейжің күзі, бесін уақыты, ал мен түстен кейін ештеңе жазбайтын әдетімнен тайқып, жазу үстелінде отырмын; күз туралы байырғының танымал адамдары жазған өлеңдерді еске түсіріп әлекпін:
Күзгі жел бәрінен де қатты соғады
Қарақшының қармағын еске салып
Ол қамыс лашығымның жұлып әкетті
Төрт текше қурай, қамысын |4|
Күздің желі Батыстағы бақтың суын бейберекет шашуда, ал мен таудан, күннен басқа ештеңені көрер емеспін, және сыбызғының даусы ғана құлағымда.
Бірінен соң бірі жапырақтар құлап жатыр, Дунтин көлінде кешіккен күзгі толқындар жүгіруде. |5|
Кез-келген бояудың ғұмыры оңып кетумен аяқталатынын күз дәлелдейтін болған соң сол уақыттың адамдары күзгі қайғы туралы айтты, алайда, кейде керісінше де болып жатады. Ли Бай, былай жазады:
«Меніңше, күз демалуға ықыластандырады-қайғыруға деп кім айтты?» |6|
Ал Лю Юйси: «Баяғыдан-ақ күз адамға мұң, жалғыздық, бостық әкелді, мен ол көктемнен де асып түседі дедім емес пе!? Аспанда бұлттардан әрі тырналар самғап барады, менің қаламым олардың соңынан қуып барады» деді. |7|
Ду Фу: «Судырлақ жапырақтар шексіз құлап жатыр және Янузы суы аяқсыз сырғанауда». |8|
Хуан Чао жазады: «Тоғызыншы, күзгі ай келді, сегізінші күн. Барлық гүлдер солып тынды- тек менікі ғана гүлдеп тұр». |9|
Міне, мынау Мао Цзэдунның өлеңі: «Мыңдаған ағаштар қыраумен киінген, аспанға қанды шапақ жайылуда, сарбаздардың қаһары Құс жолын солқылдатады» |10|
Бұл өлеңдердің барлығы да күздің мұңы мен қайғысына қарсылық көрсетеді, алайда оның орнын қуаныш болып баса алмаған. Олар бар-жоғы жаужүрек, патетикалық мұңды бас тартушылыққа ғана алмастырды.
1) Қартаң әже Цзю-цзинь- ХХ ғасыр басындағы танымал жазушы Лу Шүннің «Толқу» әңгімесінің кейіпкері
2) Классикалық «Қызыл үйшіктегі түс» романының авторы
3) ХҮІІ ғасырда өмір сүрген маньчжур текті әйгілі ақын
4) ҮІІІ ғасырда өмір сүрген, ең бірінші кезекте қыстақтағы өмір мен табиғат туралы толғаған қытайлық ақын Ду Фудың өлеңінің алғашқы жолдары
5) ҮІІІ ғасырда өмір сүрген ақын Доу Моудың өлеңі
6) Ли Бай, доспен қоштасу өлеңінен жолма-жол
7) Лю Юйси- Таң дәуірінің танымал ақыны
8) Ду Фудың «Жоғары өрлеу» өлеңінің екінші тармағынан
9) Хуан Чао- ІХ ғасыр ортасындағы көтеріліс көшбасшысы
10) Өлең Мао Цзэдунның Гоминьдан әскерімен болған соғысынан соң, 1930 жылы жазылған
Орыс тілінен аударған: Жантас Еркін
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter