Эсселер ✍️

  31.05.2023
  105


Автор: Мо Янь

Күтпей-ақ қой!

эссе


I


Бір жолы кластасыммен сөйлесіп отырдым. Оның әйелі содан аз күн бұрын өмірден озған болатын. Кластасым жолдасынан қалған заттарды жиыстырып жүргенінде қолына әдемі жібек шарфыны іліктірген көрінеді. Ол шарфыны ерлі-зайыпты екеуі Америкаға саяхаттап барғандарында атағы шыққан, даңқы бар үлкен бір дүкеннен сатып алыпты.


 


Шарфы керемет, мінсіз, тіпті сыртына ілінген бағасы мен маркасы да сол қалпында сақталған. Ол әйел тірісінде әлгі шарфыны бір рет те мойнына ілместен, армандаған ерекше күннің келуін күтіпті.


Осы араға келгенде кластасым үндемей тынып қалды, мен де оны ары қарай сөйлетуге қолқаламадым. Ұзақ үнсіздіктен кейін ол: «бір затты ерекше күнге арнап сақтап қоюдың қажеті не, біз өмір сүрген күннің барлығы ерекше күн емес пе», — деді.


Содан бастап кластасымның сол бір сөзі есіме түссе болды істеп жатқан кенеуі жоқ жұмыстарымды бір жағына қарай сиыра саламын да, қолыма кітап алып оқи жөнелемін, болмаса күйтабақтың құлағын бұраймын да, диванға жантая кетемін. Қайткен күнде де өз уақытыма өзім ие болуым керек қой.


Өмір деген құнды тәжірибе, ешқашан да өте беретін күндер емес.


II


Кластасымның сол сөзін басқа бір ханыммен бөлістім. Кейін онымен жолай кездесіп қалғанымда ол маған: «Қымбат бағалы фарфор ыдыстарымды шкафтың түбіне тығып қоймайтын болдым», — деді.


Ол да өзінің ыдыстарын ерекше күн үшін күтіп, сақтап жүргенге ұқсайды. Ақыры ондай ерекше күннің болмайтынына көзін жеткізіпті де өзінің жадында сақталып келген «келешекте», «күндердің күнінде» деген сияқты сөздерді түгел өшіріп тастапты.


Қазіргі күндерде ол қандай да бір кісі қуантарлық немесе мағыналы іс туралы естісе болды, дереу қолына алып істейді. Болмаса барып көреді екен.


— Біз әдетте көнекөз достарымызбен бірге отырып шүйіркелескенді қалаймыз, бірақ соған дүп келетін орай таппай қиналамыз.


— Біз әдетте үлкейіп кеткен баламызды құшақтағымыз келіп тұрады, бірақ соның бір сәтін таппай қыйналып жүреміз.


— Біз әдетте бір досымызға хат жазып, сыр ақтаруға немесе оның керемет екенін мойындайтынымызды білдіруге ниеттенеміз, бірақ өзімізді өзіміз «асықпа» деп тоқтатамыз.


Қорытып айтқанда, біз әр күні таңмен бірге ояна салысымызбен өзімізге өзіміз бұл күннің де бір ерекше күн екенін ескертіп отырғанымыз жөн. Әр күн, әр минут біз үшін аса қымбат.


III


Қайсы бір сахналық диалог былай айтылушы еді:


Шын көңіліңмен биле,
Ешкім көріп тұрмағандай-ақ.
Шын көңіліңмен адамды сүй,
Ешкімнен жәбір көрмегендей-ақ.
Өмірдің өзі де дәл солай!


Аударған: Қалбан Ынтыханұлы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу