Өлеңдер ✍️

  29.05.2023
  168


Автор: Марфуға Бектемірова

Өлеңім, асыл текті Фараондай

Біреудің тіреп тұрған ағасы бар,
Теңізге шықса бірге ала шығар.
Біреулер өсек айтып күнін көрер,
Оны айтпаса аузына жара шығар.
Бір қадам алға бассам, ысқырынып,
Жылан жатар алдымда ала шұбар.
Дұшпаным көп неліктен, наданға да,
Табылып жатқан кезде жанашырлар?
Біреуді біреу бүгін жетектейді,
Жүзге бөліп, жүз рет бөлшектейді.
Өздерінің есегін тұлпар санап,
Өзгенікін есек деп есептейді.
Байлығы бар, даңқы бар осыларға,
Бұл өмірде білмеймін не жетпейді?
Көтерсек бізден асып кетеді деп,
Күннің көзін қалқалап көрсетпейді.
Құлағымда күншілдер ызың қағып,
Қызғанады кетердей Қызыр дарып.
Жалғыз мендей осынау теңіздегі,
Қолға түспей жүретін қызыл балық.
Қай ауылда жүрсем де халық бірақ,
Алыстан-ақ жатады қызын танып.
Маска киіп бетіне жүргендерден,
Алла алдында әйтеуір жүзім жарық.
Бірі күліп жатқанда, бірі жылап,
Қызғанышсыз кеудемнің түні – жұмақ.
Күншілдер де жүреді тамақ тауып,
Сыртымыздан ауызы жыбырлап.
Елдің жүгін көтерген ақындардың,
Ауыр болар иықта жүгі бірақ.
Ақынмын деп айтуға хақым да бар,
Жаратқанға тұрса егер жырым ұнап.
Көргенмін, көрем талай тақ таласын,
Мейлің мені надандар мақтамасын.
Сыртымнан жала жауып жүрген жандар,
Алдымен өз күнәсін ақтап алсын.
Біреулер жағама кеп жармасады,
Өзінен мұндай байлық таппағансын.
Өлеңім, асыл текті фараондай,
Мәңгілік саркофакта сақталасың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу