Өлеңдер ✍️

  29.05.2023
  114


Автор: Марфуға Бектемірова

Шындықты іздеп

Қара аспан түйе берсін қабағын,
Шындық іздеп жолға шықтым қарағым.
Жазылатын емес орман өссе де,
Орнына мына ескі жараның.
Аспан жаққа жәудірейді жанарым,
Шындық іздеп жолға шықтым, қарағым.
Іздесем де кездеспеді ол маған,
Көше кезіп, үлбіреді табаным.
Көшесінде тентіреумен қаланың,
Шындықты іздеп талай жүрдім, қарағым.
Альпинистер өрлеуші еді биікке,
Мен неліктен төмен түсіп барамын?
Шыңға қарай қалай құлаш жаямын,
Тасты бассам дірілдейді аяғым.
Құзда өскен қыран құстың баласы ең,
Сол шындықты тауып берші, қарағым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу