Өлеңдер ✍️
Алматыда жер сілкінді
Бейқам жүрген дір еткізіп жүректі,
Алматыда Жер бір сәтке дір етті.
Ұмытқандар тәубесіне келді де,
Әр нәрседен іздеді әркім тіректі.
Миықтардан күлкі лезде жоғалды,
Алтын-бесік Жер қорқыныш боп алды.
Қайтсем тірі қалам деген кісілер
Төмен түсті қабаттардан жоғарғы.
Тірліктің бұл минут екен бар нарқы,
Сілкінудің осы болғай алды-арты!
Сауға, сауға!
Табиғат, бұл неткенің,
Апаттардан аман тұрсын Алматы!
Дір-дір етті қабырғалар – тас қалың,
Сан құбылтты сәт осынау қас қағым.
Біреулер жүр не болар деп сәбиім,
Біреулер жүр ойлап жалғыз бас қамын.
Дір-дір етті дегендей жер:
«Тыныштал!»
Алып қала жүк пе оған бір мысқал?!
Біреу дереу сервантына жүгірді:
«Ойбай, сынып қалмасын, –
деп, – хрусталь!»
Дір етті Жер,
Діріл қайта жалғасты,
Өмір менен өлім бір сәт арбасты.
Реніште сырттан жәрдем іздейтін
Кейбір жеңгей телефонға жармасты.
Мына қала не сұмдықты көрмеген,
Сақта, тағдыр, кейбір надан пендеден?!
Жүрегіміз бір дір етіп басылды,
Қозғалардай шошыды екен Жер неден?!
Қорқыныштан кейбіреулер жылап ап,
Қайда қашар?!
Жан-жағына тұр қарап.
Кімнің қандай екендігін білді де,
Жер тыншыды елдің бәрін сынап ап!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter